Екі облысты жалғайтын тас жолдың жағдайы мүшкіл. Жоспар бойынша күрежол келер жылы қайта жаңғыртылуы тиіс. Бірақ жауаптылар жаңғырту жұмыстары басталғанша жолдың ең нашар бөлігін жөндеп береміз деп отыр.
Жезқазған-Қарағанды тас жолы осыдан 60 жыл бұрын салынған. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Әсіресе Қызылжар кенті мен Жезқазған арасы әбден тозған. Салдарынан көлік апаты да көбейді дейді тұрғындар
Қарағанды-Жезқазған жолы маңызды көлік дәлізі. Елдің оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтын ең төте жол. Оны қайта жаңғырту бірнеше жылдан бері көтерілгенімен аяқсыз қалып келді. Мәселе көп ұзамай шешіледі дейді жауаптылар. Көптің көлігін бұзып, төзімін тауысқан күрежол 2030 жылға дейін қайта жаңғыртылады.
Роллан Қалиакпаров, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:
-Жобаны халықаралық қайта құру және даму банкі қаржыландырады. Қазір конкурстық жұмыстар жүріп жатыр. жыл соңына дейін мердігер ұйым анықталуы тиіс. Жаңғырту жұмыстары 4 жылға жоспарланған.
Жоба бойынша қайта жаңғырту кезінде қазіргі қолданыстағы трасса бұзылмайды. Қасынан жаңадан екіжолақты, екінші санатты жол түседі. Жоба іске асқанша ескі жолдың ең тозығы жеткен бөлігі жөнделеді.
-Биыл 20 шақырымы жөнделеді. Қазір мердігер ұйым жөндеу жұмыстары жүргізілетін аумақтарды анықтап, дайындық жасап жатыр. Қызылжар кенті маңында жолдың беткі қабаты тегістелуде.
Келер жылы жолдың тағы 20 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстарға республика қазынасынан 1,8 млрд теңге бөлінді.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев