Алматыдағы Мәдениет шағынауданында су құбырлары тартылып жатыр

  • 13
  • 19.09.2025, 19:39

Мұнда қазір кәріз және су құбырлары тартылып жатыр. Нөсер жауғалы Мәдениеттің іші батпаққа айналды. Амалдай тұратын жаяу жүргінші жолдары да жоқ. Себебі көшелері тар. Әбден мазасы кеткен тұрғындар әкімдік жөндеу жұмыстарын ерте бастап, күз келмей бітіру керек еді деп наразы. 

Мына көшелердегі жол жөндеу жұмыстары тамыздың ортасында аяқталуы тиіс еді, бірақ қазылған шұңқыр әлі жабылмаған. Жаяу жүргіншіні қойғанда, көлік қозғалысының өзі қауіпті. 

Жоба бойынша кәріз, су құбырлары күзге дейін тартылуы тиіс еді. Мердігерлер енді жұмысты қазанның ортасында аяқтаймыз деп отыр. Берілген уәде орындалмағандықтан, халықтың күнделікті тіршілігі тұралап тұр. Балалар мектепке жете алмай әбігерге түссе, жедел жәрдем «жеделдігін» жоғалтқан. Жолсыздықтан көлік қозғалысы да тұсауланған.

Маржан Мамырова, аудан тұрғыны:

-Қызым судорога бергенде скорый шақырып, батып келе алмай қалған кездері болды. Олар келгенше қызым сознание терять етіп мысалы ондай жағдайлар да болды. Балаларды сабаққа да жібере алмай жатырмыз.  Қазір мынадай батпақта балалар емес, машиналардың өзі батып кетіп жатыр жолға. 

Ерланбай Құралбаев, аудан тұрғыны:

-5 метр жер қазып тастап кетеді. Міне, көріп тұрғандарыңыздай, жердің бәрін ойып-ойып тастаған. Машина түгілі жаяу адам өте алмаймыз. Жерімізді тегістеп, тасымызды төсеп берсін, өтініш сол. Басқа өтініш жоқ. 

Шаң-тозаңнан көз ашпаған жұрттың төзімі сарқылуға жақын. Ал құрылысқа жауапты компания бар кінәні техникаға артып отыр.  

Айдын Смағұлов, мердігер компания өкілі:

-Бізде техникалармен кішкене ақаулар болды. Техникамыз кішкене сыр берді, содан тоқтады. Қазір бригаданың барлығы толықтай осы қалған көшелерге жұмылдырылды. Айдың аяғына дейін үлгермейміз. 

Мәдениеттегі жұмыстардың әзірге 75 пайызы ғана аяқталған. Қалғанына 30-ға жуық бригада тартылыпты.   

Абай Топарбай, Алатау ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:

-Ол жерде 98 көше бар. Ол жерде қазір қазылмаған 20 шақты көше бар. Ол көшелерді де енді жобаға сәйкес, шартқа сәйкес жылдың соңына дейін аяқталуы бізде қарастырылған. 

Әкімдік осылайша жыл соңына дейін барлық жұмысты аяқтаймыз деп сендіріп отыр. Ал әзірге тұрғындар уәдеден гөрі тегіс жолды күтіп жүр.

Алуа Ералқызы, Валентин Лобанов