Себебі үйлерінің дәл жанында еш ескертусіз асфальт-бетон зауыты бой көтерген. Тұрғындардың айтуынша, бұл өндіріс орнына заңды рұқсат та, құжат та берілмеген. Соған қарамастан зауыт сынақ режимінде жұмысын бастап, алғашқы өнімін шығарып жатыр. Ауылға қолқаны қабатын жағымсыз иіс пен қою түтін жайылып, халықтың тынысы тарылып отыр. Жағдайға бейжай қарай алмаған жұрт соңғы үмітін арқалап өңірдегі тілшілерімізге жүгініпті.
Жазда бұл аумақ қараусыз бос жатқан алаң еді. Алайда шілде айынан бастап түн жамылып, бетон мен қиыршық тас тиеген жүк көліктері келе бастаған. Бірнеше айдың ішінде тұтас бір өндіріс орны пайда болды. Енді жұрт: «зауыттан шыққан түтін мен қалдық қоршаған орта мен тұрғындардың денсаулығына зиян тиігзеді», - деп алаңдап отыр.
Алла Кәкімова, Новоявленка ауылының тұрғыны:
- Таңғы сағат жетіге жетпей жатып жұмысын бастап кетеді. Сосын кешке дейін тоқтаусыз істейді. Қазір тек сынақ ретінде іске қосылған зауыттың түтінінен тыныс алу мұң болып тұр. Ертең толық қуатында жұмысын бастаса, не боларын елестету қиын.
Ауыл тұрғыны Наталья Гунникова көршілерімен бірге қала әкімдігіне, сәулет және құрылыс бөліміне, экология департаментіне және прокуратураға барып шағымдарын жеткізген. Нәтижесінде күнде түтінін жұтып отырған өндіріс орны құжатта жоқ екенін анықтаған.
Компания өкілдері қазір құжат жинап жатырмыз деп сендіріп отыр. «Тіпті тұрғындардан рұқсат қағаз да алдық», - дейді .
Айжан Серікбаева, Новоявленка ауылының тұрғыны:
- Қол қойдырып жүргенде «жылу жүйесі тартылады» деп түсіндірді. Асфальт зауыты салынады деп ештеңе айтқан жоқ.
Дегенмен тұрғындардың келісімі ресми құжаттың орнын баса алмайды. Ең алдымен, мәселе қоғамдық тыңдауда қаралып, халықтың пікірі ескерілуі қажет еді. Сосын зауыттың құрылысын бастамас бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама беріліп, олардан рұқсат алынуы шарт.
Азат Қасымов, Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Әкімдікке азаматтардан осы мәселеге қатысты өтініштер түсті. Сонымен қатар көрсетілген нысанның құрылысына әкімшілік тарапынан ешқандай рұқсат берілмегенін хабарлаймыз.Осы мәселеге байланысты қала әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық материалдар қолданысты заңнамаға сәйкес тексеру жүргізу үшін уәкілетті бақылау, қадағалау органдарына жолданды.
«Зауыттың орнын таңдауда заң талаптары сақталмағаны анық», - дейді тұрғындар. Өйткені санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, өндіріс орыны тұрғын үйлерден кем дегенде жарты шақырым қашықтықта орналасуы керек. Алайда бұл зауыт пен баспаналардың арасы жиырма метрге де жетпейді.
Меруерт Жарлығасымова, ШҚО Экология департаментінің аға мемлекеттік экологиялық инспекторы:
- Егер құжаттары болмаса, онда Әкімшілік кодекстің 324-бабы бойынша өтініш бермегені үшін айыппұл төлейді. 332-бап бойынша экологиялық сараптамадан өтпегені үшін және 328-бап бойынша рұқсатсыз қызмет жүргізгені үшін жаза қарастырылған.
Тек алғашқы екі бап бойынша айыппұл мөлшері 700 айлық есептік көрсеткішке жетуі мүмкін. Бұл шамамен 5 миллион теңгеден астам қаржы. Алайда Новоявленка ауылының тұрғындары зауыт жұмысын толық тоқтатуды сұрап отыр.
Рүстем Қайратұлы, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов