Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар сабақта қалта телефонын қолданбайды. Кабинетке кіргеннен кейін арнайы қорапқа салып қояды. Бұл бастаманы ата-аналар да, ұстаздар мен оқушылар да құптап отыр.
Жаңа қала шағынауданындағы №28 мектеп-лицейі «Смартфонсыз мектеп» жобасын былтыр пилоттық жоба ретінде енгізіп көрген. Нәтижесі жақсы болған соң биыл түбегейлі осы жобаға көшкен. Мұғалімдер бұрын бала қолында телефоны болғанда соған алаңдап, сабаққа аса зейін қоймайтынын айтады.
Шынар Баймұратова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
-Қанша сабақ айтып жатса да, телефонға хабарлама келіп қалды ма деп көңілі бөлініп отыратын еді. Қазір сабаққа жақсы көңіл бөліп, тапсырманы орындап отырады.
Сабаққа кіргеннен кейін телефонның дауысын өшіріп, арнайы қорапқа салып қоюдың тиімділігін оқушылардың өздері де түсіне бастаған.
Жанайкерім Тастанбек, 9-сынып оқушысы:
-Мысалы, біз сабақ өтіп жатқанда біреудің телефонына хабарласып қалса немесе хабарлама келген жағдайда біздің ойымыз бөлініп кететін. Сабақты түсінбей қалатын жағдайлар да болатын. Бірақ қазір жақсы, телефон жиналады бізде.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Замира Қалымбетова мектеп негізінен балаға саналы тәрбие мен сапалы білім беретін орын. Сондықтан оқушылар сабақ барысында мұғалімді тыңдап, өзінің білімін шыңдауы қажет. «Ал телефонды сабақтан тыс, үзілісте пайдалана алады»,– дейді. Білікті ұстаз бастапқы да бұл ұсынысты кейбір ата-аналар бірден қолдай қоймағанын айтады.
Замира Қалымбетова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
-Бірінші кезде міндетті түрде түсініспеушіліктер болды. «Баламыздың қалай жүргені, қалай тұрғанын қалай білеміз?» деген сияқты баланың психологиясы бар, басқасы бар. Оны басқа жағынада пайдаланулар болғандықтан, оның бәріне тыйым салынып, қазіргі таңда соған балалар дағдыланды. Баланың барлық назары сабаққа ауады.
Жаңа оқу жылынан бастап қалалық білім бөлімі бұл жобаны шаһардағы барлық мектептерге енгізді. Мамандар бір қарағанда қарапайым мәселе боп көрінгенімен, бұл жоба болашақ ұрпақ үшін өте маңызды қадам екенін айтады. «Смартфонсыз мектеп» жобасының басты мақсаты - сабақ барысында оқушының ойын алаңдатпай, мұғалімнің берген тапсырмасын мұқият тыңдап, сапалы білім алуына жағдай жасау. Баланы смартфонға тәуелділіктен арылтып, қасындағы сыныптас достарымен сырласып, араласуына мүмкіндік туғызу. «Виртуалды әлемнен бір сәтке болсын алшақтатып, бала бойына шынайы өмірдегі адами қасиет пен қарым-қатынасты сіңіру»,– дейді мамандар.
Жандос Жұмбаек, Ерболат Әбіш