2027 жылы Түркістан қаласы Ислам әлемінің мәдени астанасы атануы мүмкін. Бұл жөнінде Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының бас директоры, доктор Салим бин Мұхаммед әл-Маликтің Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени нысандармен танысуы кезінде айтылды. ИСЕСКО Бас директорының Түркістан облысы мен Шымкент қаласына жасаған сапары барысында тағы қандай мәселе сөз болды?
Түркістан облысына ресми сапармен келген делегация алдымен Арыстан баб кесенесіне зиярат етті. Көне Отырар қалашығында ежелгі өркениеттің бай мұрасымен, археологиялық жәдігерлермен және қалашықтың тарихымен танысты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды. Ол жерде мәдени мұра мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жайы сөз болды. Тарихи нысандарды Ислам әлемінің мәдени мұралар тізіміне енгізу мәселесі қозғалды.
Салим Бин Мұхаммед Әл-Малик, Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының бас директоры:
-Біз екі күн бойы көптеген тарихи нысанды аралап көрдік. Тарихи тұрғыдан да мазмұны мен маңызы жағынан да лайықты ескерткіш көп екен. Ислам әлемінің мәдени мұралар тізіміне енгізудің өзіндік тәртібі мен ережесі бар. Біз алдағы уақытта өз мамандарымызды жібереміз, олар зерттеп, зерделейді. Сосын Мәдениет министрлігінің келісімімен 2 нысанды сол тізімге қосамыз деп ойлаймын.
Мамандар еліміздегі тарихи ескерткіштердің Ислам әлемінің мәдени мұралар тізіміне енгізілуі елдің халықаралық беделін нығайтып, мәдени дипломатия мен туризмді дамытуға жол ашатынын айтады. Сонымен қатар алдағы уақытта Түркістанға Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесі беру жайы да сөз болды.
Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан қаласының әкімі:
-Түркістан қаласының, жалпы Түркістан өлкесінің қасиетті, киелі жерлерін, мәдени орындарын біз таныстырып жатырмыз. Білімнің, ғылымның, мәдениеттің дамуы бойынша алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге келісіп отырмыз. 2027 жылы біздің Түркістан қаласы Ислам әлемінің мәдени астанасы болуға лайық деп танып отыр. Осы бағытта жұмыстар жалғасын табатын болады.
Салим бин Мұхаммед бастаған топтың ресми сапары Шымкент қаласында жалғасты. Қала әкімімен болған кездесуде Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға бағытталған бастамалар, халықаралық әріптестікті кеңейту жолдары талқыланды. Сондай-ақ «Ибраһим ата» мен «Қарашаш ана» кесенелерін Ислам әлемінің мәдени мұралар тізіміне енгізу мәселесі қаралды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш