Жыл басынан бері облыста 500-ге жуық жол апаты тіркеліп, 100-ге жуық адам жан тапсырған. Төрттен бір бөлігі дәл осы күрежолда қаза тапты. Ал мұның себебі неде?
Былтырдан бері «Қарағанды-Балқаш» трассасында жол төрт жолақты болып, қоршаулар қойылған еді. Дей тұрғанмен, апаттар азайған жоқ. Жыл басынан бері бұл тасжолда 25 адамның өмірі үзілді.
Медет Нұрмұханов, Қарағанды облысы ПД патрульдік полиция батальонының командирі:
- Қарағандыдан Балқашқа дейінгі аралықта 34 жол-көлік оқиғасы орын алды. Оқиға салдарынан 25 адам қаза тауып, 63 адам әртүрлі дене жарақаттарын алды. Жол-көлік оқиғаларының басты себептері – жылдамдықты асыру, жүргізушілердің шаршаңқы күйде көлікті басқарып, рөлде ұйықтап кетіп, салдарынан көліктің аударылуы.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы болса, мәселенің шешімі ретінде жүргізушілерге жолдағы жағдайды көрсететін LED экран орнатуды ұсынып отыр.
Айбек Амантаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:
- Біз 30 ақпараттық LED экрандарды орнатуды жоспарлап отырмыз, олар сондай-ақ камералармен жабдықталады. Экрандарда нақты уақыт режимінде ақпарат берілед. Мысалы, ауа райы, жолдың жағдайы, қозғалыс шектеулері туралы мәліметтер беріліп тұрады. Бұл жол апатының алдын алуға көмектеседі.
Тағы бір мәселе – ауыр жүк көліктерінің қозғалысы тасжолға айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Мамандардың айтуынша, облыстағы негізгі жолдардың көбі 1960–70 жылдары салынған. Сол кезде бір оське түсетін жүк небәрі 8 тонна деп есептелген еді. Ал қазір бұл нормадан бірнеше есе асатын көліктер жолды тез тоздырады.
Нұрлан Көбегенұлы, ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көлікті бақылау комитетінің бас сарапшысы:
- Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 1282 заңбұзушылық анықталып, жалпы сомма 120 млн теңгеге айыппұл салынды. Оның ішінде белгіленген салмақтық параметрлерден асып кеткені үшін салынған айыппұл соммасы 79 млн теңгені құрайды.
Қазір облыста ауыр жүк көліктерін анықтайтын бір ғана автоматтандырылған өлшеу станциясы жұмыс істеп тұр. Биыл осы бекет арқылы шамадан тыс жүк тиеген көліктерге 12 миллион теңге айыппұл салынды. Жуырда тағы бір станция іске қосылмақ. Бірақ мамандардың сөзінше, мұндай қондырғылар жеткіліксіз. Өйткені аймақтағы негізгі трассалармен күн сайын мыңдаған жүк көлік қатынайды. Егер бақылау күшеймесе, қыруар қаржыға жөнделген жолдар тағы да ойылып, сапасы сыр береді.
Дана Әлиева, Руслан Нұрланұлы, Айдос Меделбеков