Өткен аптадағы жаңалықтарымызда жеке тұрғын үй секторындағы 50-ге жуық отбасы тіршілік нәріне жете алмай отырғанын айтқан едік. Тілшілер сюжетінен соң жергілікті билік мәселеге назар аударды. Мамандар құбырды ауыстырып, бірнеше күн бұрын халыққа ауызсу берді. Дегенмен Рахмати, Бұрыл мен Қашағанов көшесіндегі құбырлар 60-шы жылдары салынғандықтан әбден тозған. Мәселені біржола шешу үшін жергілікті билік келер жылы осы көшелердегі ауызсу желісін ауыстырмақ. Ол үшін 127 миллион теңгеге жоба жасап, бюджетке өтінім берген.
Мағрипа Раисова, қала тұрғыны:
- Білесіздер, бір ай бойы су болған жоқ. Телеарна тілшілері келгеннен кейін ертесіне су құбырын қосып, жұмыстарын өздері жүргізіп, бізге қосып берді. Кешкі сағат 10-да су келді. Рақмет сіздерге. Жөндеудің арқасында құбырдан су жақсы келіп тұр. Сонымен күндіз-түні ағып тұр.