Ақтөбелік зейнеткер балық шаруашылығын дамытып отыр

  • 10
  • 23.09.2025, 19:55

Саналы ғұмырын балық және су шаруашылығына арнаған Қали Исмайылов зейнетке шыққанына қарамастан еңбектен қол үзбеген. Ақтөбедегі жалғыз тауарлы-тоғанды балық шаруашылығында бекірені уылдырықтан бастап өсіріп нарыққа ұсынып келеді.

Қали Исмаиловтың Қарғалы өзеннің бойында тоған тұрғызып, тауарлы балық ұстағанына 30 жылдан асты. Бастапқыда тұқы ғана болса, кейін асылтұқымды балықтарды бағуға да машықтанған. Қазір бекіренің бірнеше түрі бар. Тіпті аналығын сауып, уылдырықтан шабаққа дейін өсіреді. Су жәндіктері Ақтөбенің ауа райына әбден үйренген. 

Қали Исмайылов, зейнеткер:

- 1-2 күннен кейін бекірені қыстақтарына көшіреміз. Қазір олар жас шамасы мен тұқымына қарай бірнеше тоғанда. Қыстақтарға да аналығын бөлек, шабақтарын бөлек жібереміз. Алты ай қысты терең тоғандарда өткізеді. 

Қали Құлтайұлы: «Бекіре бағуға ниет білдірушілер көп болғанымен машақаты мол іске бел шеше кірісетіндер некен-саяқ», - дейді. Себебі бұл балық ең баяу өсетін су жәндігінің бірі. Жылына шамамен 1 келі салмақ қосады. Ал майшабақтарын мынадай жабық цехтерде өсірген абзал. 

Самат Жұмағалиев, шаруа қожалығының қызметкері:

- Қали аға күніне 2-3 рет келіп, балықтардың жай-күйін қарап кетеді. Ауырған немесе әлсіз балықтарды бірден байқайды. Оларды іріктеп, арнайы инкубациялық бассейнге орналастырамыз. Азығына дәрумендер қосып, дәрі-дәрмек егеміз. Мұның барлығын Қали ағаның өзі бақылап, ақыл-кеңесін айтып жүреді. 

Ата жолын немерелері жалғаған. Момынжан мен Жаслан есімді екі немересі өңірде сирек кездесетін мамандықты игерген. Олар ихтиологтар. 

Қали Исмайылов, зейнеткер:

- Екі немеремді балық шаруашылығы институтына жетектеп апарып түсірдім. Екеуі де оқу озаты атанып, қазір білікті маман. Үлкен немерем Грузияда. Сол елде бекіре балығын өсіруге үлес қосып жүр. 

Балықтың бағалы түрін бағатын Қали Исмаилов: «Елдің байлығы – еңбек адамы», - дейді. Мемлекеттің дамуына қарыштап үлес қосатын да сол қарапайым еңбек адамы екеніне сенімді. Бұл орайда өскелең ұрпаққа, бірінші кезекте өз немерелеріне тынбай тер төгіп, үлгі боп келеді. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков