Адал еңбек абыройға жетелейді

  • 175
  • 24.09.2025, 19:47

Бар білгенін, өндірісте жинаған тәжірибесін жастарға үйретуден жалыққан емес. Ал Абзал Мұсабаев 20 жыл ішінде 500-ге жуық электр маманын даярлап шыққан. 

Жаңагүл Даубаева аймақтағы алпауыт химия зауытына 40 жылын арнаған білікті маман. Ол күкірт қышқылын өндіретін цехта сорғы аппараттарының операторы болып жұмыс істейді. Зауыт жұмысы әйел адам үшін ауыр екенін де жасырмайды. Дегенмен мамандығына деген сүйіспеншіліктің арқасында бүгінге дейін қызмет етті. Енді 3 айдан соң зейнетке шықпақ. 

Жаңагүл Даубаева, сорғы аппараттарының операторы:

- Өзіме ұнайды жұмысым. Сондықтан мен осында талмай тапжылмай 41 жыл істеп келе жатырмын. Нағыз жұмысшы мамандар біздің зауытта. Қиыншылығы да болады бұл зауыттың, оңай кезі де болады. Қатты қиналып, түніменен қиналып кететін кездер де болады. Бірақ соған төзе білген дұрыс жастарға айтарым: төзу керек, ана жер оңай екен, мына жер оңай екен деп жүгіре беруге  болмайды. Бір жерде табан тіреп, жұмыс істеу керек. Сонда ғана кәсіпорын кәсіпорын болады, сол саланың маманы болады.

Химия зауытындағы цехтарда 2 мыңнан аса жұмысшы еңбек етеді. Олардың арасында 20-дан аса еңбек династиясы бар. Абзал Мұсабаев та электр маманы ретіндегі еңбек жолын осындай кәсіпорында бастаған. Одан соң өзі оқыған колледжге оқытушы болып оралды. Қазір электр техникасы және автоматтандыру, монтаждау мен электр жабдықтарына қызмет көрсететін маман дайындап жүр. Ол 20 жыл ішінде 500-ге жуық электр маманын даярлап шығарды.

Абзал Мұсабаев, колледждің арнайы пәндер оқытушысы:

- Дамуға техникалық мамандықтардың үлесі өте көп. Өйткені осы қазіргі заманауи автоматтандыру мен электроникаға ауысып жатыр. Өте сұранысқа ие мамандықтың бірі. Негізі мамандықтың ешқандай жамандығы жоқ, сол жұмыстың көзін тапқан адамға, шебері болған адамға ешқандай жұмыс қиын емес.

Абзал Мұсабаевтың ұлы Айбек те әке жолын таңдаған. «Бала кезден техникаға әуес болған соң бағыт-бағдар беріп қолдадым», - дейді. Айтуынша, мектепте жүріп-ақ колледж студенттері арасынадағы жарыста жеңімпаз атанған. Былтыр автоматтанырылған автотұрақ жобасын жасап, WorldSkills байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Енді өңір абыройын республикада қорғамақ.

Айбек Коммунарбек, студент:

- Бала кезден бастап неше түрлі құрылғылар жасауға қызығатын едім. Себебі әкем осы мамандықтан мұғалім еді. Менің болашаққа басты мақсатым – өндірістік орындарда адам өміріне қауіпін азайту, соларға көптеген автоматтандыру жобаларды енгізу.

Аймақта жұмысшы мамандарына сұраныс артып келеді. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіле бермек. Биылдың өзінде колледждерге 4,5 мың грант бөлінді. Жалпы аймақта 28 мың студент боса, оның жартысына жуығы осы жұмысшы мамандығында тегін білім алып жатыр.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә