Мәжілісте «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы қаралды

  • 234
  • 24.09.2025, 19:59

Заңда озық елдердің тәжірибесі де ескерілген. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын және оған ілеспе заң жобаларын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі Парламент Мәжілісінің депутаттары әзірледі. Бұл заң жобалары Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуға құқықтық негіз қалайды. Жобалар азаматтардың қауіпсіздігіне, деректерді қорғауға және инновацияларды қолдауға бағытталған.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобалары мамыр айында бірінші оқылымда қолдау тапты.  Пысықтау барысында жобаларға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заң жобасында жасанды интеллектті пайдаланудың негізгі этикалық қағидаттары бекітілген. Олардың ішінде адам құқықтарының басымдығы, жұмыстың қауіпсіздігі мен ашықтығы бар. Жасанды интеллект құқықтық қатынастардың субъектісі ретінде танылмайды. Адам барлық шешімдерге жауапты болып қала береді.

Жасанды интеллектті әзірлеу және енгізу үшін ұлттық платформа құрылатын болады. Жүйе деректер жинайды, сақтайды және оны тарата да алады. Оған мемлекеттік органдар, жеке компаниялар және стартаптар деректерін жүктей алады. Ал қызметі заңмен реттелмек.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біз жаңа ғана өте маңызды заң жобасын қабылдадық. Мемлекет басшысы таяудағы өзінің жолдауында алдымызға үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөніндегі ауқымды міндет қойды. Бұл прогрессивті идеяны Президентіміз бүгін әлемнің ең басты мінбері БҰҰ-ның төрінен де жариялады. Бұл жаһандық үрдіс екенін біз көріп отырмыз. Президент атап өткендей, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің бүгінгі күнде ұлттық басымдығына айналды.

Бұдан өзге, бүгінгі отырыс барысында Марокко Корольдігімен қылмыс жасаған адамды ұстап беру, сотталған адамдарды беру және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы мәселе қаралды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау жөніндегі халықаралық орталық құру жөніндегі келісім жобалары талқыланды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков