Өнеркәсіпке жасанды интеллект енгізіледі

  • 17
  • 25.09.2025, 19:34

Demo Day іс-шарасына еліміздегі бірқатар алпауыт компания мамандары қатысты. Соның ішінде өндіріске тың технология енгізген кәсіпорындар біршама оң өзгерістің барын байқапты. Мәселен, мына шағын көлік түріне қондырылған жүйе адамдар мен техника және өзге де маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтуға сеп болған. Қазір оны жүк көліктеріне қою қолға алыныпты. «Жасанды интеллекттің көмегімен тау-кен саласындағы бірқатар мәселені шешуге болады»,– дейді мамандар.

Бауыржан Орынбаев, компания құрылтайшысы:

-Тау-кен саласында ең үлкен аурулардың бірі – конвейерный ленталардың істен шығуы. Себебі рудаларды тасымалдайтын бір лента істен шығатын болса, бұл өте қомақты қаражаттың жұмсалуына әкеп соғады. Себебі бір лента бұзалатын болса, шамамен 1-2 апталық тоқтауға әкеп соғады. Соның алдын алу үшн бұл жерде де жасанды интеллект енгізіледі. Бұл интеллектте оның толыққанды жағдайын есептеп тұрады.  

Бүгінде еліміздегі кәсіпорындарда цифрландыру деңгейі 19% шамасында. Биыл бұл көрсеткішті 23-25% дейін жеткізу жоспарланған. Ал жасанды интеллектті өндіріске енгізу үшін IT-компаниялар мен алпауыт өнеркәсіп кешендері бірлесе әзірлеген жол картасы бекітілді. Жасанды интеллектіні тау-кен, металлургия, геологиялық барлау ісінде тиімді пайдалану жоспарланған. 

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі: 

-Жасанды интеллект технологиялары біздің салаға жаңа енгізіліп жатыр. Сондықтан бізге бұны кеңінен қолданудың шарттарын анықтауымыз керек. Әрине, бұл экономиканы әртараптандыруға да мүмкіндік береді. Жоғары технологиялық өнімдерді өндіруге көмектеседі деп үміттенеміз. Әсіресе, сирек материалдарды өндірісі терең өңдеу бағытында қолдануға болады. 

Ал сарапшылар өндіріске енгізілген жасанды интеллект адамды алмастыра алмайтынын айтады. Бірақ есеп-қисапты жүргізіп, қарқынды арттыруда таптырмас көмекші. Тың бағытты қолданатын өндіріс орындарына біршама қолдау көрсету көзделіп отыр.   

Азамат Панбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы:

-Бірінші бағытта жүйелі шаралар жасанды интеллектті енгізу бойынша. Ол салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату немесе заңнамаға әзірленетін өзгерістерді таныстыру. Одан бөлек, екінші бағыт ол қолданыстағы кәсіпорындар болады, 2-3 кәсіпорын болады негізінен, солар өздерінің шешімдерін таныстырады. 

Жасанды интеллект өндірісті дамытуға серпін беріп, ел экономикасының өрісін кеңейтуге негіз болмақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Оспанов