Трамвай паркі бюджеттік қаржыландыруға үміт артып отыр. Себебі әзірге өзін-өзі қамтуға техника саны жетпейді. Қалада рельсті көлікке сұраныс жоғары. Күн сайын 10 мыңнан астам тұрғынды тасымалдайды. Бұл қаладағы жол жүктемесін едәуір азайтады. Трамвай қатынасының жақсаруы қаланың экологиясына да тиімді, әрі көлік кептелісін жеңілдетеді.
Өскеменді трамвайларсыз елестету қиын. Бұл қоғамдық көлік қатынасының түрі шаһардың өзіндік бет-бейнесіне айналды. Олар туристердің де қызығушылығын тудырады.
Бекеш Қондыбаева, трамвай жүргізушісі:
-Шын мәнінде, бұл ең таза көлік түрі. Трамвайлар қалаға ерекше көрік береді. Шаһардың тарихи нышаны ретінде жүргені дұрыс деп ойлаймын.
Трамвайлар автобустарға түсетін жүктемені де азайтады. Қазіргі таңда жолаушылардың 20%, яғни 10 мыңнан астам өскемендік трамваймен жүруді қалайды.Қалада қазір 11 трамвай жүреді, оның 7-еуі жаңа үлгідегі вагондар. Алайда трамвай паркі өзін-өзі қаржыландыруы үшін күніне кемінде 18 вагон жолға шығуы қажет. Сол себепті әзірге депо субсидиямен жұмыс істеп отыр. Қазір тағы вагондар сатып алуға қатысты ұсыныстар дайындалып жатыр.
Денис Федченко, Өскемен трамвай паркінің директоры:
-Қаланың күнделікті қажеттілігі 18 вагон. Біз қазір экономикалық негіздемесін дайындап жатырмыз. Келесі жылы тағы 5 вагон сатып алуды жоспарлап отырмыз.
Биыл трамвай паркіне 540 миллион теңге көлемінде бюджеттік субсидия бөлінді. 200-ге жуық адам жұмыс істейтін ірі кәсіпорын үшін бұл ақша аса көп емес.
Өскемен трамвай депосының жұмысын жаңғыртуды еліміздің көлік министрі де қолдап отыр. Министрлік өңірлердегі трамвай парктерін республикалық деңгейде қаржыландыру мәселесін қарастыруға дайын. Өскемен, Павлодар мен Теміртауда трамвайлар әлі де жергілікті әкімдіктердің қолдауына тәуелді. Дегенмен трамвайлардан толық бас тартуға ерте. Мысалы, Алматыда трамвай қозғалысы тоқтатылғанына он жыл өтсе де, оны қайта жандандыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Руслан Нұрланұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин