Павлодарда «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары анықталды

  • 17
  • 25.09.2025, 19:41

«Өндірістің үздік жас қызметкері» атанған Диас Айтуаров 25 жаста. Оның мұнай-химия зауытындағы еңбек өтілі алты жылға жуықтапты.

Мұнай-химия зауытында технологиялық қондырғылар операторы болып жұмыс істейтін Диас Айтуаров бұл кәсіпорынға екінші курс оқып жүргенде келген. Айтуынша, бұл мүмкіндікті оқу орны мен өндіріс арасындағы дуалды оқыту бағдарламасы ұсынған. Бүгінде жас маманға жүктелген міндет аз емес. Ол өндірістегі процестердің үздіксіз және қауіпсіз жұмыс істеуін тікелей бақылап отырады. 

Диас Айтуаров, технологиялық қондырғылар операторы:

-Жұмыс қиын емес, бірақ жауапкершілік өте көп. Өйткені ол өте қауіпті болып саналады. Біз технологиялық процестерді, параметрлерді қараймыз. Аспауы керек немесе төмендету болмауы керек.

Диастың ізінен ерген інісі де осы саланы таңдапты. Жастар үшін зауыттағы жұмыс – тұрақты болашақтың кепілі. Ал аға буын өкілдері жас маманның еңбекқорлығын жоғары бағалап отыр.

Азамат Мұнеров, технологиялық қондырғылар операторы:

-Мен Диастың әріптесімін. Ол жұмысқа кіріскен алғашқы күннен-ақ еңбекқорлығымен көзге түсті. Өте белсенді, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Білмегенін сұраудан ешқашан қысылмайды. Иә, әлі де үйренетін дүниелері бар, дегенмен қазірдің өзінде жаңадан келген мамандарға қолдау көрсетіп, білгенін үйретіп жүр.

Диас Айтуаровтың алпауыт өндіріске қызығушылығы бала кезінен басталған. Оны зауыттың ауқымы мен «Үлкен құбырлардың ішінде не бар?» деген сұрақ жиі мазалайтын. «Әр литр жанармайдың артында мыңдаған адамның еңбегі жатыр» деген әке сөзін өсиет етіп келеді. Өзі де сол еңбектің бір бөлшегіне айналып, өндірістің дамуына үлесін қосып жүр.  

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков