Қауіпті жұмысты абыройлы атқарып келе жатқан жезқазғандық кенші

  • 6
  • 26.09.2025, 19:51

Осынау қиын да, қауіпті жұмысты абыройлы атқарып келе жатқан еңбек адамының бірі жезқазғандық кенші Қуанышбек Ыбырахым. Небәрі 20 жасында ауыр еңбекке араласып, шыңырауда шыңдалған ол қазір өңірдегі үздік бригадалардың бірінде басшылық етеді. 

Бұрғылау қондырғысы жер асты шахтасындағы ең негізгі техниканың бірі. Айлық жоспардың орындалысы, еңбек өнімділігі тікелей осы техниканың жүріп-тұруына байланысты. Сондықтан ол жауапты мамандарға ғана тапсырылады. Біздің кейіпкер Қуаныш Ыбырахым 20 жылдан бері осы көлікті тізгіндеп келеді. 

«Табысты болу үшін техниканың тілін білу жеткіліксіз, ұжымдағы ауызбіршілік пен сыйластық маңызды»,– дейді Қуанышбек. Бұл ретте оның жолы болды. Алғашқы күннен үздік бригадир Әлиасқар Айманов, Қазақстанның Еңбек Ері Тұрсынбек Мәкишев секілді еңбек озаттарынан тәлім алды. 

Қуанышбек Ыбырахым, кенші:

- Жиырма жыл болды ғой, осы проходчик болып осының ыстығына да, суығына да көніп. Енді жағдайымыз жаман емес. Осы жұмыстың арқасында, осы шахтаның арқасында бүкіл жағдайымыз жасалып жатыр. Еңбек еткен адам жаман болмайды ғой. 

Аға буынның ісін абыроймен жалғаған Қуанышбек бүгінде үңгушілер бригадасын басқарады. Кен өндірудің құпиясын меңгерген маман ұжымның бірлігі мен білігін бір мақсатқа бағыттаған. Өндірістің өз қазынында қайнаған кәсіби кеншінің ұжымдағы беделі зор. 

Тұрсынбек Мәкішев, кенші, Қазақстанның Еңбек Ері:

-Қуанышбек проходчиктердің арасында үздік. Көп әңгіме жоқ. Көп сөйлемейді. Бір тапсырма берсең «істеймін ғой» дейді. Қалай істейді онда жұмысым жоқ. Ауысымнан соң шыққаннан кейін хабарласамыз ғой. Не болды десем, болды Тұрсеке айтқаныңыз бәрі орындалды дейді. Сондай жігіт! Салмақты, сабырлы. 

Қуанышбек басқаратын бригада жер астын үңгіп, өндіріске жол салады. «Айына кемінде 150 метр жүріп өту керек. Дегенмен айлық жоспарды асыра орындаймыз деп қауіпсіздікті естен шығармау керек»,- дейді.

Қуанышбек Ыбырахым, кенші:

-Басты мақсатымыз қауіпсіздік қой. Қауіпсіз жұмыс істеп аман-есен үйге жеткен жақсы. Осылай бәленбай жыл шахтада жұмыс істеп, еңбектің жемісін көріп аман-есен зейнетке шыққан жақсы. Осылай қауіпсіз жұмыс істеп төбеміз мықты болсын шахтаның астында жүрген соң. 

700 метр тереңдіктегі шахтада еңбек көрігін қыздырып, шыңырауда шыңдалған жігіттердің еңбегі ерен. Қуанышбек бастаған кеншілер «Еңбек күнін» биыл да лайықты қарсы алып отыр. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева