Абай облысындағы Көкпекті мен Тассай ауылдарының арасын жалғап жатқан көпірді екі жыл бұрын көктемгі қарғын су шайып кетті. Содан бері ауыл халқы амалсыздан ұзақ айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Бұл жағдай тұрғындардың тұрмысын біршама қиындатып жіберді. Биыл бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, жаңа көпірдің құрылысы басталған. Енді ел күткен көпір салынып бітсе, екі ауылдың арасындағы қатынас қайта жанданбақ.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- 2023 жылы тасқын судың әсерінен өткел қирап, Тассай ауылының тұрғындары жүз шақырымнан астам жерді айналып өтуге мәжбүр болған еді. Сол уақыттан бері тұрғындар жол азабын тартып келді. Қазір көпір қайта бой көтеріп, құрылыс алаңында жұмыс қызған шақ. Оған отыздан астам адам жұмылдырылған. Тұрғындардың айтуынша, жаңа өткел ауыл өміріне серпін беріп, қатынасты айтарлықтай жеңілдетпек.
Жанат Ибрагимов Тассай ауылының байырғы тұрғындарының бірі. Көлік тізгінін ұстап, күн сайын ауылдан аудан орталығына қатынайды. Айналма жолмен жүріп жаңбырлы күні талай рет жолда қалғанын айтады.
Жанат Ибрагимов, Тассай ауылының тұрғыны:
- Мост басталғанына біз қуаныштымыз. Міне жұмыс жүріп жатыр. Жігіттермен сөйлесіп жатырмыз, бәрі қарқынды. Тек қана үкіметтен ақша уақытында берілсе, ноябрьдің аяғына дейін өткелде жасап береміз дейді.
Тассай ауылының тұрғындары әсіресе, көктем мен қыс мезгілдерінде қатты қиналады. Қарғын су жүрген кезде ауылдың екі жағы суға кетіп, ел мүлде оқшауланып қалады.
Кәтірен Байжұманов, Тассай ауылының тұрғыны:
- Қыстың көзі қырауға ілініп қалып, аяқталмай қалама деген күдік те бар, қорқыныш бар. Бірақ сенеміз. Ертең қатты қыс бола қалса мына жерде мүлде тіршілік болмай қалады. Сондықтан үміттенеміз, күтеміз, сенеміз алда көпірдің болатынына.
Жаңа көпірдің құрылысына 900 миллион теңгеден астам қаржы қажет. Қазіргі таңда оның 100 миллионнан астамы облыстық бюджеттен бөлінген. Жоспар бойынша құрылыс келесі жылы аяқталуы тиіс. Дегенмен, мердігерлер қаржы уақытында бөлінсе, өткелді биыл қыс түспей-ақ пайдалануға береміз деп отыр.
Қуаныш Қалиев, мердігер компания директорының орынбасары:
- Бұрыңғы көпірдің ұзындығы 39 метр болған. Қазіригі жаңа жоба бойынша көпрідің жалпы ұзындығы 24 балкерден үш пролетті болып келеді және 72 метр ұзындықта. Еке есе үлкен көпір болады. Бұйрса иә осы күзде тиісті қаражат бөлінсе жұмыстар аяқталады.
Ерлан Мекетаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- Облыстық бюджеттен қарастырылған 193 млн. Биылғы жылы аталған шаруа бойынша қазіргі уақытта катлаван дайындау, тіректерді орнату сияқты жұмыстар атқарылуда қазіргі уақытта. Сондықтан бұл негізі келесі жылға жоспарланған аяқталу мерзімі.
Егер қаржы уақытында бөлініп, құрылыс қарқыны бәсеңдемесе, өткел биыл пайдалануға берілуі мүмкін,-дейді мамандар. Ал жұмыс кешеуілдесе, халық биылғы қыста да айналма жолмен жүруге мәжбүр болады.
Авторлар: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Мәди Базарбеков.