Alatau City өңірдегі толық цифрланған алғашқы қалаға айналады

  • 10
  • 29.09.2025, 19:36

Еліміздегі алғашқы цифрлық қала болатын Alatau City-де 4 қалашық бой көтереді. Бірі қаржы және іскерлік орталығы болады. Ғылым-білім нысандары және тамақ өнеркәсібі екінші қалашыққа шоғырланады. Одан бөлек, өндіріс пен логистика өз алдына қалашық  болса, туристік ойын-сауық орталығы бөлек орналасады. Алматы облысына жұмыс сапарымен барған үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев қаланы дамыту жоспарымен танысып, қалашықтар салынатын жерлерді аралады.

Президент өткен аптада Алатау қаласына айрықша мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа  сәйкес, қаланы дамыту жөніндегі кеңес құрылып, жыл аяғына дейін Парламентте конституциялық заң жобасы әзірленеді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Үкіметке, әкімшілікке, басқа мемлекеттік органдарға тиісті тапсырма берілді, талаптар қойылды. Ең бастысы, осы жерде жаңа қор құрылатын болады. Қордың негізгі функциясы болады. Ол мемлекеттік және мемлекеттік емес қаржыны жинап, тиісті эксперттерді, халықаралық деңгейдегі эксперттерді тарта отырып, жаңа регуляторлық нормаларды енгізу деген. Осы қаланың деңгейінде регуляторлық жаңа тәсілдер енгізілетін болады. Қазақстанда болмайтын тәсілдер болады.

Қазақстан тарапынан жаңадан салынған ғимараттардың сейсмикалық және өрт қауіпсіздігі мәселелері ғана тексеріледі. Бұл өз кезегінде құрылыс мерзімін барынша қысқартуға мүмкіндік береді. Алатау қаласынан бизнес орталығын салуға 800 млн доллар бөлу көзделіп отыр. Сол арқылы 6 мыңдай адам уақытша жұмыспен, ал құрылыс аяқталған соң 1900 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар мұнда туризм орталығы бой көтереді. 

Мирас Құттыбаев, инвестор:

- Иә, және де Голденнен бізде кейпарк салынады. Бұл кәрістердің қазақ халқына алғысы ретінде, кәріс халқының осы Қазақстанға көшкеніне 90 жыл болуына 2027 жылы ашылады. Мұның барлығы осы біздің кәріс халқының Қазақстан халқына алғысы ретінде салынып жатқан ғимарат.

Alatau City өңірдегі толық цифрланған алғашқы қалаға айналады. Онда Smart City технологияларымен қатар тауарлар мен көрсетілетін қызмет ақысын криптовалютамен төлеу жүйесі енгізіледі. Ол үшін жаңа банк пен криптовалюта биржасы құрылады. Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына жасаған сапары барысында әлемнің жетекші компанияларымен келісімшарттар жасалғаны белгілі.

Әркен Өтенов, Алатау қаласының әкімі:

- Атап айтсақ, американдық үлкен ірі компания 80 миллиардқа жуық үлкен инвестиция құяды. 500-ден астам жұмыс орындарын ашады. Оның басты жаңағы өндіретін өнімі ол мына картофельден чипсы жасау. Сонымен бірге мына транспорттық логистика саласында да бірнеше компания өздерінің жұмыстарын бастап кетті.

Еліміздегі жаңа іскерлік-инновациялық орталыққа айналатын Алатау қаласы болашақта тікелей үкіметке бағынады. Ендігі міндет – жаңа қаланың мықты институционалдық негізін қатыптастыру.

Авторлар: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов.