Шымкентте алимент төлеуден жалтарған 291 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 81 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, 31 миллион теңгеден астам қаржы өндірілді. Сот үкімімен 1 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Прокурорлардың мәлімдеуінше, қазір олардың қордаланған қарызы 4 жарым млрд теңгеден асып жығылады. Немқұрайлылық танытып, істі аяқсыз қалдырған 121 жеке сот орындаушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Өңірде алимент төлеудің әлеуметтік маңыздылығын түсіндіру мақсатында түрлі іс-шаралар мен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де ұйымдастырылған.
Бауыржан Мырзалиев, қала прокурорының көмекшісі:
- Прокуратура органы тарапынан борышкерлерді жауапқа тарту жұмысынан бөлек, алимент төлеуге жәрдемдесу жұмыстары да жүргізілуде. Мысалы ағымдағы жылы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тоғызыншы рет ұйымдастырылды Шымкент қаласында. Бұл жәрмеңкені өткізу нәтижесінде 100-ге жуық борышкер жұмысқа жолдама алды және 90 борышкер «Еңбек-мансап» орталығына жұмыс іздеуші ретінде тіркелді.