Солтүстік Қазақстан облысы Бугровое ауылында 300-ден аса үй құсы қырылып қалды. Әзірге аурудың нақты неден тарағаны белгісіз. Бірақ алғашқы сараптама қорытындысы құс тұмауын жоққа шығарған. Ал, бұл жағдайда тұрғындарға өтемақы төленбейді.
Бугровое ауылының тұрғыны Светлана Ткаченконың 90 қазы көз алдында бірінен соң бірі қырылып қалған. Қазір 30-ы ғана қалды. Бірақ олардың да жағдайы мәз емес. Құстар әрең аяқ басып жүр.
Светлана Ткаченко, Бугровое ауылының тұрғыны:
- Қаздардың көзі көрмей, тыпыршып жүгіре бастайды. Кейін шыр айналып құлайды. Солай екі сағат жатып өліп қалады. Өзіміз дәрі беріп жатырмыз. Бірақ, оның пайдасы болмай тұр.
Тұрғындардың айтуынша, бір апта бұрын байқалған ауру белгілері құс тұмауына ұқсайды. Қазір олар өлгендерін ветеринар мамандардың нұсқауымен өртеп мал қорымына апарып тастап жатыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Тұрғындардың айтуынша, қазір жарты ауылдың құсы қырылып қалған. Әзірге бұл жағдайға байланысты ветеринарлар келіп өлекселерден сынама алып кетті. Ал, елді мекенде карантин жарияланған жоқ. Зарарсыздандыру жұмыстары да жүргізілмеген.
Ветеринарлардың айтуынша, көктемде ауылдағы балапан қаздардың бәрі егілген. Қазір өлген құстардан алынған сынаманың алғашқы сараптама қорытындысы шықты. Оған сейкес құс тұмауы расталған жоқ.
Ербол Бәгенов, Қызылжар аудандық ветеринария станциясының директоры:
- Құс тұмауы теріс нәтиже берді. Пастереллез әлі тексеріс жалғасуда. Бір жұманың ішінде болуы мүмкін. Қазір кісілерге мынау қораларын дайындап тазалап дизенфекция жасауға біз дайындалып жатырмыз.
Бір қызығы, мемлекеттік өтемақы тек құс тұмауы расталған жағдайда ғана беріледі. Қазір ресми түрде ауыл бойынша 329 қаз, үйрек пен тауық өлген. «Енді оның шығынын кім төлейді», - дейді тұрғындар.
Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.