Елде алғашқы АЭС құрылысы басталды

  • 9
  • 26.09.2025, 19:30

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұл компаниямен келіссөз өткізген кезде елдің мүддесін ескеруді тапсырды. Әсіресе, уранның талан-таражға түспеуін қадағалау керек. Мұндай мәлімдемені Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында жасады. Президент келесі АЭС салынуы мүмкін орынды атап, саланың дамуына қатысты біраз тапсырма берді. 

Әлемде 416 атом реакторы жұмыс істейді. 31 мемлекет ядролық энергия өндіріп отыр. Демек әрбір алтыншы елде АЭС бар. Тағы жиырмаға жуық мемлекет әне-міне дегенше құрылысқа кіріседі. Ертеңін ойлаған елдердің қатарына Қазақстан да кіруге әзір. Сол үшін Президент кеңесте Атом тақырыбына кеңінен тоқталды. Алғашқы АЭС-ті Росатам жетекшілігімен халықаралық консорциум жүзеге асыратыны баршаға аян. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев ел мүддесі бірінші орында екенін ескертті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Тиісті Агенттік, жалпы, Үкімет осы компаниямен келіссөздер өткізген кезде әрдайым еліміздің мүддесін ескеруі қажет, келісімдердің барлығы әділетті, теңгерімді, тиімді болуы керек. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын.

Қазақстан бір АЭС-пен шектелмейді. Тағы екі реактор салу жоспарланып отыр. Жаңа нысанның бірі Абай облысында салынуы мүмкін. Соған орай Президент Курчатовтағы ғылыми қалашыққа көңіл бөлуді тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу қажет. Аталған жұмысқа Ғылым академиясы, облыс әкімдігі және Ұлттық ядролық орталық атсалысқаны жөн. Онда инженерлік және өндірістік нысандарды орналастыру үшін жағдай жасау керек. Сонымен қатар ядролық инфрақұрылымды нығайту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тиімді тетіктерін әзірлеу міндеті тұр.

Ал үшінші АЭС құрылысына қай өңір қаралып жатыр? Агенттік төрағасы Сәтқалиев бұл әңгіменің де шетін шығарды. 

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы:

-Курчатов қаласы мен Каспий жағалауы 125, 300 және 600 мегаватты жеке блоктарды пайдалану үшін қолайлы орындар ретінде анықталды. Жоспардағы станциялардың жалпы қуаты 2035 жылға қарай 4800 мегаватқа жетеді. Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 8 мың мегаватқа дейін артады.
 
Ал ядролық энергиядан не ұтамыз? Әлемдегі уран қорының 40% Қазақстанның қойнауында жатыр. Бірақ бұл байлықты тек шикізат ретінде сатумен шектелдік. АҚШ, Франция сынды алпауыттардың нарығы біздің уранға тәуелді. Енді сол байлықты байыппен пайдаланған жөн. Президент АЭС арқылы уранның экономикадғы үлесі түбегейлі өзгеретінін жеткізді. Қорыта айтқанда, шикізат сату тоқтап, өндіретін елден өңдейтін елге айналамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Енді біз ядролық отын цикліндегі өңдеу үлесін дәйекті түрде арттырамыз. Мысалы, 2021 жылы елімізде жылу бөлетін тораптар шығаратын зауыт ашылды. Атом электр станциясы бұл саладағы өндірістік циклді толық аяқтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында атом энергетикасы сыртқы нарыққа тәуелсіз, ұлттық салаға айналмақ. 
 
Шикізат та, технология да бізден. Ал маман кімнен? Мемлекет басшысы техникалық кадр тапшы екенін айтып, ахуалды жедел түзеуді тапсырды. Әсерісе доктарлардың үлесі өте төмен. Сол үшін докторантураға бөлінетін грантты көбейтіп, техникалық мамандарға басымдық беру міндеті жүктелді. Жауапты министрлік технократтарды қарқынды оқытып жатырмыз дейді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі: 

-Университетте индустриялық Phd тетігі енгізілді. Былтырдан бастап 200-ден астам грант бөлінді. Ал жалпы Phd-ға бөлінген грант саны 5 мыңға дейін келесі жылы жеткіземіз. Инженерлер кадрлар даярлаудың ұлттық моделі енгізілді. Енді толыққанды университеттер жаңа форматпен кадр даярлайды. 

Атом тек ақша емес. Оның мүмкіндігі әлдеқайда ауқымды. Ядроның көмегімен экономиканы аяқтан тұрығызып, әлеуметтік саланы біріздендіруге болады. Президент аталмыш технологияны денсаулық сақтау саласында қолдану туралы бастама көтерді. Қысқасы, атомның ебін тапсаң, аурудың емін табасың.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Әсіресе, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу мүмкіндіктеріне жол ашады. Үкіметтің міндеті – отандық радиофармацевтикалық препараттарды әзірлеуді және қолданысқа енгізуді қамтамасыз ету. Сондай-ақ жетекші клиникалар мен университеттер жанынан ядролық медицина орталықтарының желісін құру қажет. 

Ал қауіпсіздік жайы не болады? Қомақты қаржы үшін тұрғындардың басын бәйгеге тіге алмайтынымыз түсінікті. Президент құрылыс барысында экологиялық нормаларды қатаң сақтауды тапсырды. Кеңес барысында мамандар қауіпсіздік жайын жан-жақты талқылады.

Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры: 

-Бізде АЭС-тегі ауыр апаттар кезінде қолданылған алдыңғы қатарлы әдістер бар. Зерттеулер нәтижесі Жапонияда АЭС қауіпсіздігін арттыру кезінде және Фукусима АЭС апатының салдарын жою кезінде пайдаланылған. АҚШ мамандарымен бірге біздің реакторларды байытылған отынға көшіру жобалары жүзеге асырылып жатыр. МАГАТЭ сарапшыларымен де тығыз байланыстамыз.

АЭС қателікті кешірмейді. Сол үшін ел билігі бұл жобаға қатты назар салып отыр. Ғылым кеңесіндегі негізгі тақырып ядроға арналғаны да осыдан. Егер бәрі сәтімен жүзеге асса, пайдасы ұшантеңіз болары сөзсіз. Осы ретте Президент халықаралық серіктестікті күшейтіп, шетелдік мамандармен үнемі байланысты отыруды тапсырды. 

Бекзат Аманов