Үй алудың оңай жолы – тиімді жинақ

  • 11
  • 29.09.2025, 19:48

Қазақстанда еңбек етіп жүрген әрбір үшінші қазақстандық тұрғын үйді қолжетімді шарттармен сатып алу үшін өз жинақтарын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сеніп тапсырады. Бұл жүйені Қазақстанда «Отбасы банкі» жүзеге асырып жатыр. Қаржы институты азаматтар арасында жинақ мәдениетін ілгерілету тәжірибесін халықаралық конференцияда бөлісті. Шара Халықаралық тұрғын үй қаржыландыру одағының және Еуропалық құрылыс қоғамдары федерациясының  қолдауымен ұйымдастырылды.

Қазақстан – Орталық Азия бойынша неміс тұрғын үй құрылыс жинақ моделі негізінде қолжетімді баспана салған алғашқы ел. Бүгінде бұл жүйе көршілес мемлекеттердің қызушылығын туғызып отыр. Қазір Қазақстан – әлеуметтік ипотека бағытында көшбасшы.

Марк Вайнрих, халықаралық тұрғын үй қаржыландыру одағының бас хатшысы:

- «Отбасы банк» Қазақстанда «Bauspar» моделін енгізу мен табысты дамытуда көш бастап келеді және ол тек өңірде ғана емес, халықаралық деңгейде де үлгі көрсетіп отыр. Мен бұл шара озық тәжірибені паш етіп қана қоймай, тұрғын үй қаржыландыру жүйелерін бүкіл әлемде нығайтуға ықпал ететін жаңа серіктестік байланыстар мен инновациялық идеялардың дамуына жол ашады деп сенемін.

Банк күн сайын жаңадан 2 500-ге жуық жаңа депозит ашып, 190-ға жуық несие береді. Бұл — тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің тиімді жұмысының нәтижесі. Екі миллион бес жүз мыңға тарта қазақстандық осы жүйе арқылы  алған пәтерлері мен үйлерінде тұрып жатыр.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл жүйе жинақтау мәдениетін қалыптастырады. Мемлекеттік сыйлықақы қазір 80 млрд теңгеге жетті. Депозиттік портфель 2,5 триллион теңгені, несиелік портфель шамамен 4 трлн теңгеге жетті. Банк жұмыс істеп келе жатқаннан бері тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесінің арқасында 600 мыңнан астам қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлады.

Конференцияға өз елімізбен қоса Еуропа және Орталық Азия елдерінің сарапшылары арнайы келді. Мамандар екі күн бойы тұрғын үй саясаты мен қаржы саласындағы негізгі ағымдарды талқылап, стратегиялар мен инновациялық шешімдермен бөліседі.

Авторлар: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон.