Көлік саласын цифрландыру, мультимодальды тасымалдау, әуе тасымалы мен көлік қызметінің жаңа мүмкіндіктері. Осы тақырыптар Алматыда өтіп жатқан «NEW SILK WAY 2025» халықаралық көлік-логистикалық форумында көтерілді. Жиынға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, Еуразия аймағынан логистикалық компаниялардың өкілдері қатысып жатыр. Сондай-ақ осы логистика мен транспорт саласына қатысты ортақ мәселелерді Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің көлік министрлері бірге талқылайды. Көлік министрінің орынбасары Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, биыл елімізде 13 мың шақырым автожол жөнделді. Бұл рекордтық көрсеткіш. Теміржол инфрақұрылымы да жаңартылып жатыр. 2029 жылға қарай 11 мың шақырым теміржол желісі жөнделеді. Тағы 5 мың шақырым шойын жол жаңадан салынады. Бұл тауар тасымалының транзиттік әлеуетін 100 млн тонннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік министрінің орынбасары:
-Біз авиакаргоны дамыту туралы шешім қабылдадық. Әуежайларға арнайы экономикалық аймақ мәртебесін бердік. Олардың қатарында Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау және Шымкент қалалары бар. Біз мультимодальды тасымалдаудан үлкен үміт күтеміз. Мұны өте маңызды дер едім. Бұл жылдамдықты, қауіпсіздікті және сенімділікті білдіреді.