Астық бағасы тұрақты ма?

  • 11
  • 30.09.2025, 19:44

Бірқатар өңірде астықтың басым бөлігі қамбаға құйылды. Жалпы бүгінге дейін 18 миллион тоннадан астам өнім бастырылды. Диқандардың ендігі мәселесі астық бағасына қатысты болып отыр. 

Солтүстік Қазақстан облысындағы шаруалар егін ору науқанын қызу жүргізіп жатыр. Бүгінде дән себілген алқаптың 60% орылған. Бұл 3 млн тонна бидай. Агроном Мария Хрипко өзі еңбек ететін қожалықта биыл арпа-бидайдан өзге судан шөбі және тағы басқа дақылдар өсірілгенін айтады. Орылған соң сүтті мал шаруашылығына жөнелтіледі.

Мария Хрипко, агроном: 

- Шөпті де, астықты да орып алатындай техника жетісе бермейді. Қазір ауа райы қолайлы. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, үш күн ішінде орып аламыз деп үміттеніп отырмыз. 

Ал Шығыс Қазақстан облысында егіс алқабының басым бөлігі орылып, қамбаға құйылған. Енді шаруаларды астық бағасы ойландырып отыр. Айтуларынша, қазір әр тоннасы 60 мың мен 80 мың теңгенің арасында саудаланып жатыр. «Бұл шығынды өтемейді»,– дейді. Сондықтан делдалдар емес, лайықты құн ұсына алатын орталықтандырылған бір ұйым болса екен деп тілейді. Шаруалардың тілегі жауапты органдарға жолданған.

Самат Қыдырмолда, Қазақстан Фермерлер қауымдастығы ШҚО филиалының төрағасы:

-Биыл күздік дәнді-дақылдар тоннасы 100 мың теңгеге нақты толықтап құжаттамалар қабылдаса екен деп ұсыныстар жасадық. Оны айтып тұрған себебіміз қазіргі облысымыздағы өзіндік құнының өзіне 50,60,80 мың теңгеге дейін өзіндік құны шығып тұрғандықтан, ауыл еңбеккерлері зиян таппайтын бірден-бір дұрыс жолы 100 мың теңгеден кем болмаса екен деген ауыл шаруашылық корпорациясы осы бағаларды бағамдап отырып, бекітіп толықтап берсе сол нұр үстіне нұр болар еді. 
 
Күзгі жиын-терім тиісті министрліктің бақылауына алынған. Науқанды сапалы өткізу үшін жан-жақты қолдау бар дейді мамандар. Егін орағы үшін 422 мың тонна дизель отыны бөлінген. Ал астық бағасын нарық реттемек. Дегенмен экспортқа шығатын өнімге көмек көрсетіледі.

Әділхан Еркенов, ҚР АШМ егіншілік департаменті өсімдік шаруашылығын дамыту басқармасының бас сарапшысы:

-Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен көлік шығындарын субсидиялау қағидаларын қолдану мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Сол субсидиялау бағдарламасы бойынша қаржыландыру мәселесі қазіргі кезде мүдделі мемлекеттік органдармен қарастырылуда.  

Биыл ел бойынша егілген дәнді және дәнді-бұршақтардың жалпы алаңы 16 миллион гектардан асады. Бүгінге дейін 12,2 млн гектардан жиналды. 18,7 млн тонна астық бастырылды. Бұдан өзге 3 млн тонна көкөніс жиналды. Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда ауыл шаруашылығын әртараптандыру аясында бидайдың көлемі қысқартылып, табыс мол әкелетін дақыл алқабы ұлғайтылды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Қайрат Кальянбеков