Павлодарда қалдықтармен жұмыс істейтін кәсіпорынға 28 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды. Кәсіпорын көмілген қалдық көлемін белгіленген лимиттен асырып жіберген. Тексеру табиғатты қорғау прокуратурасының талапхаты негізінде жүргізілді. Экологиялық рұқсат құжатына сәйкес, жыл сайын көмуге рұқсат етілген қалдық көлемі 170 мың тоннадан аспауы тиіс екен. Алайда «ЭкоӘлем-ПВ» ЖШС 200 мың тонна қалдықты рұқсат етілген шектен тыс орналастырған. Құзырлы органдар экологиялық заңнама талаптарының бұзылуына байланысты әкімшілік іс қозғады. Қалдық жинаумен айналысатын кәсіпорын Экология департаментінің шешімімен келіспей, сотқа шағым түсірген. Алайда сот департаменттің әрекетін заңды деп танып, салынған айыппұл көлемін өзгеріссіз қалдырды.
Әсет Сыздықов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:
-2024 жылы табиғатты қорғау прокуратурасымен жаңағы қалдықтармен жұмыс жасау бойынша сараптама жасалған болатын. Сол анализдің есебі негізінде экология департаментінің адресіне талапхат жолданған болатын тексеру жүргізу бойынша. Сол анализде анықталған заңбұзушылықтар бойынша Экология департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп «ЭкоӘлем-ПВ» ЖШС-не қатысты тексерудің нәтижесінде айыппұл салған болатын. Айыппұлдың көлемі 28 миллиард теңгеден астам соманы құрады.