Қостанайлық ұстаз облыстың үздік педагогі атағына ие

  • 12
  • 30.09.2025, 19:46

Қостанайлық ұстаз Еркебұлан Төлегенов облыстың үздік педагогі атағына ие. Жергілікті колледжде ақпараттық технология пәнінен сабақ беретін жас мұғалім бірнеше онлайн платформаның, электронды әдістемелік құралдардың авторы. Ол студенттерге ғана емес, әріптестеріне де жасанды интеллектіні қолдану әдісін үйретіп жүр. 

Ел болашағы жасанды интеллектінің дамуымен тығыз байланысты. «Сондықтан бірінші кезекте жастар арасында ақпараттық технологияны меңгеру дағдысын қалыптастыру керек»,– дейді колледж мұғалімі Еркебұлан Төлегенов. 

Еркебұлан Төлегенов, ақпараттық технология мұғалімі:

-Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамытуға ерекше назар аударып отыр. Бұл бағытта біздің де табыстарымыз бар. Соңғы жылда АІ-ті технология бойынша өткен конференция, олимпиада да біздің еңбектеріміз жоғары бағаланды. Соның бесеуінде біз бірінші орын алдық.

Қазір Еркебұлан өз шәкіртімен бірлесіп, психолог мамандарға қажетті тағы бір онлайн платформаны дайындап жатыр.   

Антон Тарабанов, студент: 

-Жобаны ұстазым екеуміз бір жыл бойы әзірледік. Ол «жасанды интеллект көмегімен оқушылардың психологиялық жағдайын сараптау платформасы» деп аталады. Яғни жасанды интеллект баланың мінез құлқын, көңіл күйін анықтап, талдап береді. Бұл инновациялық жоба әлі қаралып жатыр. 

Бұдан бөлек Еркебұлан Төлегенов еліміздің колледж ұстаздары үшін  «Әдістемелік қоржын»  онлайн- платформасын жасап шығарды. Қазір Ресейлік әріптестерімен бірлесіп, «Wеb-бағдарламалау» оқулығын құрастырып жатыр.

Еркебұлан Төлегенов, ақпараттық технология мұғалімі:

-Ең бірінші біз осы мамандық бойынша екі бағдарлама әдістемелік оқулықтарын әзірледік. Енді облыстық УМС-те қорғаймыз. Осы желтоқсан ортасында қорғап, сосын егер нәтижесі жақсы болса, осы оқу жылына сол әдістемеліктерді оқуға кіргіземіз. 

Бірге істейтін әріптестері Еркебұлан Нұрланұлын өз ісінің нағыз білгірі деп санайды. 

Ақерке Шарақұлова, арнайы пәндер мұғалімі: 

-Еркебұлан Нұрланович өз ісінің шебері деп айта аламын. Себебі ол кісі мұғалімдік жолды жүрегімен таңдаған жандардың бірі. Ең бірінші бізде мастер класс көрсетіп, Еркебұлан Нұрланович сол жасанды интелектпен қалай жұмыс істеу керек тәртібін көрсетті. 

Ендігі кезекте Еркебұлан оқу орындарында құжат айналымын автоматтандырудың электрондық жүйесін еңгізуді мақсат етіп отыр.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг