Астанада студенттер арасындағы AstauFest 2025 халықаралық гастрономиялық фестивалі басталды. 45 білім ордасынан келген 12 елдің жас аспазы өз өнерін көрсетіп, үздік атану үшін бақ сынайды.
Астана төрінде қазанды қайнатып, думанды дүркіретер халықаралық гастрономиялық фестивалдің шымылдығын түрді. Бұл жолы байқауға Қытай, Үндістан, Франция, Швейцария, Түркия сынды алыс-жақын шетелден 300-ге жуық қатысушы келді. Барлығы өз ісінің шебері.
Айназиг Суронова,, фестивальге қатысушы:
-Мен бұл сайыста Қырғызстанның беделін қорғаймын. Қазір кондитер аспаз мамандығы бойынша 2-курс студентімін. Сайыста 2 қабатты шоколадты торт әзірлеп, қазылар алқасын таңғалдырғым келеді.
Фестиваль комиссиясына атақты француз аспазы, Michelin жұлдызды шеф Жан Ашнер төрағалық етпек. Ол жас мамандардың әрбір жұмысына жоғары талап қояды.
Жан Ашнер, «Мишлен» жұлдызының иегері:
-Қатысушылар тағамды өз таңдауы бойынша әзірлейді. Ал мен баға берген кезде ең әуелі дәміне, құрамындағы азық-түліктің сапасына және тәбетті ашатындай әдемі рәсімделуіне айрықша мән беремін. Фестиваль аясында жаңа «Кондитерлік академия» мен заманауи технологиялар зертханасы ашылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жас мамандарға тәжірибені жетілдіруге мүмкіндік бермек.
Зәуре Қылышбаева, колледж директоры:
-Кондитерлерді үйрету, студенттерге үлкен-үлкен шеберлік сыныптары өтеді ол жерде. Шетелден келген эксперттер, үлкен-үлкен мемлекеттік деңгейде іс-шаралар өткізілетін алаң болады.
Осылайша AstauFest 2025 тек аспаздық сайыс қана емес, мәдениеттер тоғысқан үлкен алаңға айналады. Ал сайыс ертең басталады.
Дана Әлиева, Әлібек Алиев