Шарынға ауызсу құбырын тарту ісі аяқталды

  • 6
  • 01.10.2025, 19:46

«Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне» ауызсу құбырын тарту ісі аяқталды. «Шарын шатқалы – қамалдар аңғары» туристік бағыты бойынша су тарту жобасы парктің «туристік-рекреациялық дамуы жол картасы» аясында жүзеге асты. Жергілікті кәсіпорындардың бірі бұл мақсатқа 4 млрд теңгеге жуық инвестиция салған. 

Шарын шатқалындағы туристік маршруттарды сапалы ауызсумен қамту меселесі көптен шешімін таппай келген еді. Өңірдегі өндіріс ошақтарының бірі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қаржы бөлгеннен кейін, былтыр мамыр айында «Шарын шатқалы – қамалдар аңғары» бағыты бойынша орталықтандырылған ауызсу құбыры тартыла бастады.

Гүлмира Нысанбаева, «Шарын МҰТП» директоры:

-Міне, 2025 жылы, биылғы жылы жоба аяқталып, бүгінгі күні іске қосылып отыр. Материалдық-техникалық базамызды қосымша 4 электрокар туристерді тасымалдауға алып отырмыз. Бұл да туристердің келуінің өсуіне жасалған жаңалық десем болады.

Мамандардың айтуынша, ауызсу тапшылығының түбегейлі шешілуі инфрақұрылым сапасын арттырып, экологиялық туризмді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ауызсу құбырын тарту жобасының аяқталуымен қатар парк аумағында қызметкерлерге арналған жаңа үй пайдалануға берілді.

Ван Чжунвэй, инвестор:

-Біздің кәсіпорын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен экологиялық туризмді дамытуға баса мән береді. Бұл мақсатқа 350 млн доллар көлемінде инвестиция құйдық. Шарын өзенінің суын өндірістік мақсатта тұтынатындықтан мұнда орталықтандырылған ауызсу құбыры жүйесін тартуға 50 млн юань бөлу туралы шешім қабылдадық. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Шарынның тұмса табиғатын тамашалаушылар саны жыл сайын артып келеді. Былтыр 124 мыңнан астам адам келсе, биыл 9 айда мұнда 170 мыңға жуық турист ат басын тіреді.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов