Астанада XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы өз жұмысын бастады

  • 7
  • 02.10.2025, 19:37

Елордада энергетика саласындағы ең ірі алаңдардың бірі Kazakhstan Energy Week 2025 апталығы мен XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы өз шымылдығын түрді. Жиынға 50-ден аса мемлекеттен 2,5 мыңнан астам делегат пен 300-ден астам ірі компанияның өкілдері қатысуда. Олар мұнай-газ, жасыл энергия, геологиялық барлау, химия өндірісі, атом саласы жайында өзара диалог құрып, жаһандық энергетиканы қалыптастыру жайын талқылауда. 

Газ 2070 жылға дейін де, одан кейін де қолданылады. Мұндай пікірді Kazakhstan Energy Week апталығнда SOCAR президенті Ровшан Наджаф айтты. Мамандар сондықтан газ саласындағы жобаларға инвестиция құю тоқталмайтынын жеткізді. Форум барысында сарапшылар әйелдердің өздерін жұмыста және тұрмыста қауіпсіздік сезінуінің маңыздылығын атап өтті. Бүгінде ірі компанияларда жұмыс істейтін әйелдерге қауіпсіз және қолайлы жұмыс жағдайын жасау назарға алынды. Сондай-ақ энергетика саласының жұмысын жеделдету үшін нейрожелі мен заманауи технологияның маңызы да тілге тиік етілді. 

Әлихан Байдүйсенов, Energy insight & analytics компаниясының аға серіктесі:

-Компаниямыз мұнай-газ саласын цифрландырудың алғашқы цифрлық моделін құра алды. Яғни біз тек техникалық деректерді цифрландырып қана қоймай, қаржылық деректермен синтездедік. Шетелдік әріптестерімізбен, сондай-ақ Қазақстанның әр өңірінен келген мамандармен жаңа технологияларды қолдануды, саланы неғұрлым ашық ету үшін қалай жасау керектігін талқылайтын боламыз. 

Әлемде мұнайға сұраныс тәулігіне 378 млн баррельге дейін артады. Бұл туралы Kazakhstan Energy Week форумында ОПЕК-тің Зерттеулер департаменті хабарлады. Ал Қазақстанда бүгінгі күні қорда 5 млрд тонна мұнай бар. Бұл ретте мамандар ел ішінде мұнай таяуда таусылады деген алып-қашпа әңгімені жоққа шығарды.

Болат Ақшолақов, Қазақстан инвесторлар қауымдастығы кеңесінің және Kazenergy қауымдастығының төрағасы:

-Геологтардың зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бізде әлі 100-200 жылға дейін мұнай бар. Бірақ оның бәрін табу керек негізі. Оның себебі 15 бассейн деп отырмыз. Соның тек 5-де ғана жұмыс істеп жатырмыз. Зерттеу жұмыстары нақты шешімге келсе, әрине, одан да көп мұнай табуға едәуір мүмкіншілігіміз бар.  

Сарапшылар Орталық Азиядағы энергияға сұраныстың қарқынды артып келе жатқанын ескере отырып, жаңа инвестициялар тарту мен қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту шараларының өзектілігін атап өтті. Бүгін күн қорытындысында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Дүниежүзілік қауымдастықпен келелі Келісімге қол қойды. Бұл қоршаған ортаны сақтау және экологиялық механизмдердің іске асуы мәселелерін халықаралық тұрғыда шешуге сеп болмақ. 

Құралай Жұмахан, Таир Мерекенов