Ауқымы кең, мазмұны терең шара халықаралық «Қорқыт ата» кинофестивалі аясында ұйымдастырылды.
Жиында кино саласындағы мемлекеттік саясаттың рөлін арттыру жолдары талқыланды. Сондай-ақ тараптар халықаралық копродукцияның болашағын саралап, бірлескен кинотуындыларды түсіруге уағдаласты.
Ақтауда алғаш рет ұйымдастырылған киносаммит түркі әлемінің киноматографистерін бір алаңға біріктірді. Күн тәртібіндегі басты тақырып түркі елдеріндегі кино саласындағы мемлекеттік саясатқа арналды. Мәселен, елімізде 6 жылда мемлекет қолдауымен 119 кинотуынды жарық көрді. 34-і жас режиссерлердің дебюттік фильмі. Жиынның екінші бөлігінде түркі әлемінің киноөнері мамандары еркін пікір алмасты. Әсіресе, бірлескен киноөндірісті кеңейту жолдары қызу талқыланды.
Гурбан Примов,, Әзербайжан Республикасы киноагенттігі бас директорының орынбасары:
-Біз бауырлас Қазақстанмен әріптестік туралы меморандумға қол қойдық. Бұл құжат жуық арада өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Яғни жаңа кинотуындыларды әзірлеу жолында бірлесе жұмыс істейміз. Демек көп ұзамай түркі әлемінде жаңа өнер жұлдыздарының есімі аталары анық.
Сахьысалық Байрамов, «Түрікменфильм» бірлестігі төрағасының орынбасары:
-Киносаммит түркі әлемінде ерекше орын алады. Қазір саяси ауытқулар жиі болатын заманда біз бір үйдің баласындай бейбіт өмір сүріп жатқанымызды дүниежүзіне көрсетіп, үлгі болып отырмыз. «Қорқыт ата» кинофестиваліне бірнеше жаңа кинофильм әкелдік. Кейбірі отбасы құндылықтарын дәріптейді.
Халықаралық фестиваль кино саласындағы өнер жұлдыздарының қызыл кілемде жүруімен басталды. Түрік жұлдызы Бурак Озчивит қазақстандық кинокомпаниялармен бірлесе жұмыс істеуге ниеті барын айтып, көпшілікті қуантты. Алдағы күндері көрермен назарына 50-ге жуық конкурс аясындағы және конкурстан тыс фильмдер ұсынылады.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев