Қазақстан энергетикалық әлеуетін арттыруға басымдық береді. Бұл бағытта ұзақмерзімді жоспары айқын. Қолға алынған маңызды жобалар кешелі бері Астанада өткен Kazakhstan Energy Week 2025 апталығы мен XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында жария етілді.
Ауқымды жиынның бүгінгі пленарлық отырысын Үкімет басшысы Олжас Бектенов ашты. Премьер-министр форум қатысушыларына Мемлекет басшысының үндеуін оқып берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Экономика, ғылым-білім, инновация, озық технология сияқты стратегиялық маңызы бар салалардың дамуы қуат көздерінің қолжетімді болуына тікелей байланысты. Сондықтан біз еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен дербестігін нығайта түсу үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы маңызды іске халықаралық серіктестеріміз зор үлес қосып келеді.
Президент саланың өркендеуі үшін ауқымды инвестиция тартудың маңыздылығын да атап өткен.
«Қазақстан энергетика саласына инвестиция тартуға, оның бәсекеге қабілетін арттыруға баса мән береді. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміз жауапкершілігі жоғары орта держава ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, МАГАТЭ және ОПЕК сияқты беделді халықаралық ұйымдармен байланысын бекемдей түсуге мүдделі. Форум аясында энергетика саласын өркендетуге жол ашатын тың идеялар мен жасампаз бастамалар ұсынылады деп сенемін. Еңбектеріңіз жемісті болсын». ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.Премьер-министр елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі энергетикалық жобаларға тоқталды. Мұнай-газ химиясында қуаты 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. 2030 жылға дейін жалпы құны 15 млрд доллардан асатын алты жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Газ өңдіру ісінде де инвесторлармен әріптестік нығаяды.
Арман Бектұрова, «Qazaqgaz Aimaq» АҚ Бас директорының орынбасары
-Инвесторлар үшін ондай деңгейдегі форумдардың маңыздылығы әрине сөзсіз. Жан-жақты талқылау, кәсіби қауымның көзқарасын білу, сервисіміздің қаншалықты жетілдірілгені туралы кері ақпаратты алу біздің компаниямыз үшін өте маңызды.
Жаңартылатын энергия көздері мен мұнай өңдеуді дамыту, геологиялық барлау жұмыстарын арттыру, жалпы салаға жасанды интеллект пен цифрлық технологияны енгізу жайы сөз болды. Сарапшылардың айтуынша, әлемдік энергетика алдында тұрған маңызды міндет - төмен көміртекті экономикаға өту. Бұл ретте Қазақстан жасыл энергетикаға көшу бағдарламасын іске асыруда. Алдағы уақытта қуаты 4 гигаватт болатын бірнеше жаңартылатын энергия көздері қолданыла бастайды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Әлібек Әлиев