Жанкүйерлерді қапы қалдырған интернет

  • 9
  • 03.10.2025, 19:42

Мадридтік «Реалдан» жеңілген «Қайрат» емес, «Қазақтелеком». Бұл әлеуметтік желіде жарыса жазған қазақстандықтардың пікірі. Себебі ел күткен тарихи матчтың қызығы сапасыз интернетке ілікті. Мәселені мінберде жүрген депутаттар да көтерді. 

Апталап күткен тарихи сәттің қызығын Айбек Омархан сезіне алған жоқ. Себеп сол бір интернет. Қызық қызған тұста байланыс сап тыйылды. «Экранда қақпаға бағытталған соққы емес, айналып тұрған шеңбер ғана көрінді»,– дейді ол.

Айбек Омархан, қала тұрғыны:

-Қызық сәттерде интернет ұстамай қалды. Сонымен амал жоқ басқа сайттарға жазылып, көру керек болды. Кешегі матчты айтатын болсақ, өте қызық болды, «Қазақтелекомның» қатқаны болмаса.

Тұрақсыз интернетке әлеуметтік желі қолданушыларының да назы көп.

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы да «Қазақтелекомның» жұмысын сынға алды. «Азаматтардың Қазақстанда өткен футбол матчын испаниялық сайттан көруге мәжбүр болуы нағыз ұят. «Бұл ұлттық оператордың ел үмітін таптағаны»,– деді. 
 
Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Өкінішке қарай еліміздің барлық азаматы кеше уақытылы осы үлкен тарихи матчты көріп үлгере алмады. Себебі TV+ деген «Қазақтелеком» уақытылы арнайы жүктемені есептеп, көрсетілім толыққанды интернет желісі арқылы қамтамасыз ете алмады. Біздің телеарналарымыздың өзі жүктемені көтере алмады, өкінішке қарай. Салдарынан футболдың тең жартысын өткізіп алды азаматтар қосылған күннің өзінде. Тариф көтеруде алдына қара салмайтын байланыс операторлары, оның ішінде «Қазақтелекомдар» осы жүктемені ескеру керек еді деп ойлаймын. 

Интернеттің іркілісі «Хабар» тілшілерін де әбігерге салды. Стадион маңынан тікелей эфирге шығу техникалық қиындық тудырды. Тілшілер біраз қашыққа кетіп, интернет ұстайтын тұсты іздеді. Бірақ әдетте сапасы жоғары болуы тиіс бейне бұл жолы бәрібір бұлыңғыр шықты.

Гүлжан Айнабекова, «Хабар» арнасының тілшісі:

-Тағы бір сол күні туындаған мәселе қарапайым матчқа келушілер, жанкүйерлер қолындағы, телефондағы билеттерін көрсете алмады. Себебі интернет жоқ. Ашса көрінбейді. Содан жақын маңдағы дәмханаларға, кафелерге барып, сол жерде интернет таратуын өтініп, сол жерден ашып көрсеткен жағдайлары болды. 

Ал «Қазақтелеком» болса, кінәні өз желісінен емес, матчты таратқан тараптан іздеңіздер дейді. Компания өкілдері «біздің инфрақұрылым қалыпты жұмыс істеді, ал үзілістерді телекомпаниялардың сервері көтере алмады» деп ақталды. Десе де, сапаны арттыру бойынша жұмыстар жалғасады деп уәде етті.

Ержан Мейрамов, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма басшысының орынбасары:

-Үлкен нагрузка, ауқымды сұраныс болғаннан кейін солай болды. Интернет мүлдем істемеді деп айтуға болмайды, Қиыншылықтар болды, біз оны өзіміздің тарапымыздан талқылаймыз. Тиісті шаралар қабылданды. Екінші рет қайталанбайды бұдан былай.

Осылайша, көпшіліктің жадында қақпаға кеткен доптан бұрын, «қатып қалған» интернет көбірек қалғандай. Себебі бұл жолы «Қазақтелеком» сапаны сақтай алмай, сенімді ақтай алмады.

Дана Әлиева, Диас Ковланбаев