Атырау облысында жұмысшы мамандар қайта дайындықтан өткізіле бастады. Себебі «Теңіз» жобасының үшінші кезеңінен босаған мамандар жұмыссыз қалды. Мақат ауданында биыл 800 адам жобадан босаған. Жалпы, 2021-25 жылдары Теңізден 30 мыңға жуық адам қысқарды. Қазір жергілікті билік оларды өңірдегі ірі мұнай-газ жобаларына қатыстыруға компаниялармен келіссөз жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері қарай Мақат ауданы бойынша 200-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, өңірдегі газ химиясы кешені, газ өңдеу зауыты секілді ірі жобаларға қажетті орта буынды мамандар енді жергілікті жерден дайындалады.
Азамат Мәмбетов, Мақат ауданының әкімі:
- Доссор мұнайгаз колледжін үлкен зауыттарға басқаруға беру деген үлкен жоспарымыз бар. Қазіргі таңда бір-екі ірі компаниялармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Соның базасында өздеріне қажетті стимуляторлар деп айтамыз, дайындау тренажерларын орналастырып, шетелден мамандар алдырып, осы іске қосылғаннан кейін яғни 2029 жылға қарай өз жерден мамандар дайындап, жұмысқа орналастыру.