Абай облысында 2026 жылы жиырма спорт кешенінің құрылысы аяқталады. Соның екеуі Ақсуат ауданында салынып жатыр. Ойшілік және Екпін ауылдарындағы соңғы үлгідегі спорт нысандары 250 орынға шақталған. Ауылда бұрын спорт кешені болмағандықтан, балалар мектептің ғимаратында дайындалып келген. Жаңа нысан өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға серпін бермек.
Парасат Сайлауов - Тоғас батыр атындағы мектептің 7-сынып оқушысы. Кішкентайынан күреске қызығып, осы спорт түріне ерекше ынта танытқан. Жаңа кешен спортпен еркін шұғылдануға мүмкіндік береді,-дейді. Оның арманы - ел намысын әлемдік додаларда абыроймен қорғап,әлем чемпионы атану.
Парасат Сайлауов, оқушы:
- Ауылымызда үлкен спорт зал салынып жатыр. Біз соның ішіне кіріп жаттықсақ, еңбек етсек болашақта чемпион болуымызға үлесімізді қосамыз. Үлкен ареналарда республикалық облыстық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын. Біз өте қуаныштымыз.
Сағжан Айғазы, оқушы:
- Спорт кешені салынбастан бұрын біз мектеп залында шыныққан болатынбыз. Ол мектеп залы бізге тарлық етеді. Кей спорт түрлерімен бізге шынығуға ыңғайсыздық тудырды. Спорт кешені салынып біткен кезде, жақсы жетістіктерге жетеміз деген ойдамын.
Ойшіліктегі спорт кешенінің құрылысы маусым айында басталған. Жұмысқа 30-дан астам адам тартылды. Мердігер ұйым өкілдері нысанды жыл соңына дейін толық аяқтап, қолданысқа беруді жоспарланып отыр.
Ғылымбек Мұздыбаев, мердігер ұйым өкілі:
- Қазір енді мына төбе жабу жұмыстары жүріп жатыр. Одан әрі сыртқы қоршау жұмыстары жүреді. Сыртқы жақтағы әрлеу-сырлау жұмыстары жүреді. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Спорт кешені үш жүз елу орынға арналған. Мұнда баскетбол, волейбол, күрес, шағын футбол сияқты спорттың бірнеше түрінен секциялар ашылады. Киім ауыстырып, жуынатын орын да қарастырылған.
Жұмангүл Баяхметова, Ойшілік ауылының тұрғыны:
- Халық өте қолдайды және қатты қуанышта. Біз енді үш-ақ жыл болдығой облыс болғанымызға. Содан бері бірде бір здание мұндай салынбаған еді. Сондықтан бұған үлкен қуанышпен, жақсы көңілмен қарсы алудамыз.
Дене шынықтыру кешенінің құрылысы 70 пайызға аяқталған. Енді жастарды спортқа баулып, бұқаралық спортты дамыту үшін тағы бірнеше ауылда осындай нысандар бой көтереді.
Құралай Дулатқызы, дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы:
- Қазіргі таңда облысымызда 20 спорт нысанының құрылысы жүргізіліуде. Оның ішінде 9-ы 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.Облыста жалпы ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға спорттың қолжетімділігін арттыру мақсатында спорттық нысандар ауылдарда салынып жатыр.
Қазір өңірде 600-ден астам спорт нысаны бар, тағы тоғызының құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, облыста 14 спорт мектебі жұмыс істеп тұр.
Авторлар: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Мәди Базарбеков.