Таразда көпқабатты үй тұрғындары шатырсыз қалды

  • 10
  • 07.10.2025, 19:42

Таразда көпқабатты үйдің тұрғындары қыс келерде шатыр мен терезесіз қалып отыр. Құрылыс компаниясы шаһар орталығындағы көпқабатты үйді жөндеуді жазда бастаған. Бірақ жаңғырту жұмысына ақша алмадым деп, орта жолдан тастап кетіпті. Енді жауында төбелерінен су сорғалаған қараша қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмей дал. 

Қаланың қақ ортасында тұрған мына баспана 60 жыл бұрын салынған. «Жұрт содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеді»,– дейді. Салдарынан шатырының бәрі шіріп жартысы ұшып кеткен. «Жұрт жаңбырлы күні қиналамыз»,– дейді. Себебі төбеден аққан су бірінші қабатқа дейін өтіп кетеді екен. 

Көпқабатты баспананың коммуналдық желілері де әбден тозған. Әр тұсынан тесіліп су сыздықтап тұр. Бұқара екі жыл бұрын мәселесін айтып әкімдікке арызданған. Сол кезде мемлекеттік бағдарлама аясында жаңғыртылатын үйлердің қатарына қосыпты. Сөйтіп осы жазда құрылыс компаниясы келіп тұрғындармен келісімшартқа отырады. Лезде жөндеу жұмысын да бастаған. Алайда құрылысшылар бірнеше күннен соң жұмысты тоқтатып, саймандарын жиып алып кеткен

Арайлым Садырқұлова, қала тұрғыны: 

-Терезенің бәрін алып тастады. Терезелер жоқ. Алдында қар жауғанда жаңбыр жауғанда терезеден су ақты қар жауды. Енді жәй кіріп шыққанның өзі мүмкін емес мына үйде. Есіктері де жабылмай қалды. 

Тұрғын үйлердің жаңғырту жұмысына жауапты мекеме мамандары мердігерді айыптап отыр. «Жұртпен келісімшарт жасасқанымен, әкімдіктен рұқсат алмады»,– дейді. Оған қоса құрылыс жұмысына қажетті қаражат әлі күнге бөлінбеген. 

Отжан Сексенбаев, «Тұрғын үй жөндеу Тараз» мекемесі басшысының орынбасары: 

-Құрылыс заңсыз. Біздің келісім жоқ. Бізде ақша болған кезде ғана қаражат бөлінсе ғана бізден договор алады. Сол кезде бастауға рұқсат береміз біз. Оған дейін бастауға рұқсат жоқ. Өз еркімен бастап тастаған. 

Ал мердігер компания өкілдері пәтер иелерінің өтінішінен бас тарта алмадым деп отыр. Сондықтан қаржы бөлінгенше өз қаражатына жұмысты бастаған. Алайда әкімдік өкілдері биыл тұрғын үйлерді жөндеуге республикалық бюджеттен мүлде қаражат бөлінбейтінін мәлімдеді. Соған қарамастан мердігер тұрғын үйдің тозған тұстарын уақытша жөндеп беретін болды.  

Санжар Әбдіқапаров, құрылыс компаниясының бас инженері: 

-Подьезі қырылған, мусор тазаланған, шебень төселген әктелеген. Дизенфекция жасалған. Енді крышадан ағып тұрған жерлерін уақытша істеп береміз. Жамап-жамап. Подвалдан ағып тұрған канализациядан ағып тұрған ыстық су мұздай судан ағып тұрған жерлерді уақытша жамап жасап береміз. Келесі жылы толығымен капитальный істеп береміз.

Биыл жоспарға сай Таразда 73 көпқабатты үй қайта жаңғыртудан өтуі тиіс болған. «Алайда тұрғын үй қатынастары бөілмінің басшысы республикалық қазынадан қажетті қаржы бөлінбеді»,– дейді. Сондықтан биыл Таразда ешқандай баспана жөнделіп жатқан жоқ.  

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә