Алматыда заңсыз қоқыс орындары анықталды

  • 8
  • 08.10.2025, 19:42

Алматының бірнеше ауданында заңсыз қоқыс орындары анықталды. Түн жамылып төгетіндер көп. Қалтаның қамын ойлағандар, қаланың экологиясын керек қылмай отыр. Экология департаменті мен «Қазақстан ғарыш сапары» күл-қоқыс шашылған жерді спутниктің көмегімен тапқан. 

Биылдың өзінде Алматы аумағында 10 заңсыз қоқыс орны тіркелген. Оның бірі Медеу ауданында, үшеуі Алатауда, алтауы Түрксіб ауданының аумағында. Қазір барлығында тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаладағы ашық жатқан бос жерлер түнгі уақытта қоқыс тастайтындардың орынға айналған. 

Нұрлан Бардабаев, Түрксіб ауданы әкімдігінің қызметкері: 

-Бұл жерге заңсыз әкеліп төгеді енді түн мезгілінде, адамдар көрмеген жағдайда. Сондай мезгілдерде әркім жаңағыдай келіп, камазбен, техникамен әкеліп қоқыстар төгіп кетіп жатыр. Сондықтан енді оны ұстап алмағандықтан, қазір өз күшімізбен тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 

Тазалық жұмыстары коммуналдық қызмет күшімен атқарылып жатыр. Оған 20-дан аса қызметкер мен 10-ға жуық техника жұмылдырылыпты. Нәтижесінде, қала аумағындағы 3 ауданнан шамамен 100 тоннадай қоқыс шығарылған. «Қазақстан ғарыш сапары» мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2018 жылы ел аумағындағы заңсыз қоқыс полигондарын спутниктен анықтау туралы келісім жасаған. Содан бері қашықтықтан зондтау арқылы түсірілген суреттер министрлікке жолданып, мамандар тексеру жүргізіп жатыр.

Ерлан Жақиянов, Алматы Қаласы Экология департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

-Олар алыстан бақылау жасап, бүкіл ҚР бойынша әрбір облыстарға және қалаға жіберіліп отырады суреттері. Сол бойынша анықталу орындарға шығып, егер фактілер расталған болса, біздер оны әкімдіктерге жібереміз ауданның олар жаңағы жою бойынша іс-шараларды жасап, соны бірге жұмыс атқарып жатырмыз.  

«Қазақстан ғарыш сапары» компаниясы биыл жарты жылдың өзінде ел аумағынан 2700-ден аса заңсыз қоқыс орнын анықтаған.

Қайрат Жүсіпов, «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарушы директоры:

-Ғарыштан түсірілген суреттердің аумағы өте үлкен. Мысалы, ірі қалалардың буферлік аймағының өзі 50 шақырым. Әр пиксель жеке зерттеліп, картаға түсіріледі. Бұл үлкен аналитикалық жұмыс. Біз осы арқылы экология органдарына нақты координаттарды ұсынамыз, ал олар сол орындағы жағдайды реттейді.

Жерді тәулігіне 3 мәрте сканерлейтін спутник әрбір метрді анық көреді. Бұл бақылау тәсілі жердегі бейберекет қоқысқа қарсы пәрменді құралға айналды. Бірақ сонда да заңсыз үйінділерден толық құтылу мүмкін болмай отыр. 

Алуа Ералықызы, Сержан Жұмабаев, Сабина Балашкина, Арман Ақшбаев