Жолақысын төлемегендер бюджетке жыл сайын ₸2,5 млрд зиян келтіреді

  • 9
  • 08.10.2025, 19:40

Қоғамдық көлікте тегін жүруді әдетке айналдырған жолаушылардың салдарынан қала бюджеті жыл сайын 2,5 млрд теңгеден қағылып отыр. Өткен жылдың өзінде жарты миллионнан астам адам жол ақысын төлемеген. Бұл бақылаушылардың анықтап, тіркеген жағдайы. Ал анықталмай қалғаны қаншама? 

Жадыра Алмасқызының жұмыс күні таңғы 7-ден басталады. Себебі таңертеңгі және кешкі уақытта қоғамдық көлікке халық көп отырады. Жол ақысын төлемейтіндердің де қатары осы кезде арта түседі. 

Жадыра Алмасқызы, CTS  көліктік бақылау департаментінің менеджері:

-Біз адам санын анықтаймыз, мониторинг жасаймыз және жолаушылар жол ақысын төлеген жағдайда қай аймаққа қанша қоғамдық көлік қажет екенін бақылаймыз. Егер жолаушы жолақысын төлемесе біз әкімшілік хаттама саламыз.  

Елордада қоғамдық көлікпен жүретін жолаушылар ағымы күніне 1 млн-нан асады. Оның 400 мыңға жуығы жеңілдік жасалатын азаматтар.  

Қуанышбек Нұлай, «№1 автобус паркі» АҚ жүргізушісі: 

-Бізге арнайы құрылғыдан көрініп отырады. Қанша адам төленіп жатқаны. Әсіресе, мына контролерлар кірген кезде көптеп төлейді. Сол кезде көрініп қалады. Көбіне сол тексеру болған жағдайда ғана төленіп жатады. 

Міне, осындай жолаушылардың салдарынан қаланың қоғамдық көлік жүйесі жыл сайын 2,5 млрд теңгеден қағылып отыр. Былтыр 500 мыңнан астам жолаушы тегін жүрсе, соңғы тоғыз айда 212 мың адам жол ақысын төлемеген. 

Рашид Рахматулин, CTS көліктік бақылау департаментінің директоры

- Кейбір жолаушылар мынаны түсінбейді: әр төленген теңге – жүргізушілердің еңбекақысы, көліктерді жаңарту, жаңа бағыттарды ашу үшін қажет қаржы. Сондықтан билетсіз жүрген жолаушылар шын мәнінде өздеріне зиян келтіреді. Қазір билетсіз жүрген жолаушыға 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Біз оны 5 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтуды, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 АЕК мөлшерінде белгілеуді ұсынып отырмыз.

Одан бөлек қоғамдық көліктерде бақылау жүйесі де күшейтіледі. «Дегенмен жолаушылардың өз жауапкершілігі мен төлеу мәдениеті қалыптаспай, мәселе толық шешілмейді»,– дейді мамандар.

Алуа Маханбет, Мұхаметәлі Табалдиев