Әуе қызметін тексеру басталды

  • 20
  • 09.10.2025, 19:42

Иә, әуе қызметінің сапасына сын айтатындар көбейген. Осыған байланысты еліміздің Көлік министрлігі тарапынан жоспардан тыс тексеру басталды. Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мобильді топ құрып, халықаралық Алматы әуежайы мен әуе компанияларының қызмет көрсету сапасын қадағалайды. Жолаушылардың ұсынысын біліп, шағымдарымен танысу үшін арнайы QR код енгізілген. 

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің инспекторлары екі апта бойы Алматы әуежайын аралап, жолаушылармен тілдеседі. Адамдарды тіркеуден бастап, ұшуға дейінгі қызметті тексереді. Одан бөлек Халықаралық Алматы әуежайы мен әуе компанияларының жұмысын бағалайтын QR код та ілінген. Осылайша жолаушы тасымалындағы негізгі кемшіліктер анықталып, жауаптыларға жолданады. 

Айнұр Өмірзақ, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің аға инспекторы:

- Барлық жерге іліп қойдық QR код. Сол жерге тек қана камерамен кіргізіп, QR код алсаңыз сол жерде өзінің сұрақтары дайын тұр. Бірақ тағы да қосымша бірнәрсе қосамын десеңіз қосып, бізге жіберсеңіз болады. Біз ол сауалнаманы көреміз де мониторинг жасап шешім қабылдаймыз. Яғни жаңағы тіркеуден бастап жолаушылардың қанша уақыт тұратыны, қалай оларды тіркейтіні, жаңағы ішке кіргеннен кейін қанша уақыт рейстарын күтетіні, соның барлығын қадағалаймыз.

Алматы әуежайының жаңа терминалы іске қосылғалы бір жылда жолаушылар саны күрт артқан. Былтыр 11,4 млн жолаушыға қызмет көрсетіпті. Қазір әуежайға тәулігіне орта есеппен 280 ұшақ ұшып-қонып, 34 мыңнан астам жолаушы қатынайды. Қызмет көрсетудегі басты кемшіліктің бірі – рейстердің кешігуі. Жолаушылар болса, мұндай мәселенің жиі болатынын айтады. 

Қазір күн жылы. Ал қыста ұшақтардың кешігуі жиілейді. Әрине боран соқса ешқандай айла жоқ. Әйтсе де, жолаушының құқығы ескерілу керек. Яғни ұшақ екі сағатқа кешіксе, сусын тарату, төрт сағаттан асса, ыстық тамақ беру және алты сағат кешіксе, қонақ үймен қамтамсыз ету сынды талаптар орындалуы керек. Екі апталық тексеріс нәтижесі сарапталып, жауапты мекемелерге тиісті тапсырма беріледі немесе айыппұл салынады.

Аршын Кемелжан, Радик Жакупов