Әсіресе рейстердің кешігуі көпшілікті шаршатты. Билет бағасының қымбаттауы, тіпті қол жүгіне қатысты талап та жолаушыларды әуре сарсаңға сала бастаған. Бұл мәселе депутаттардың да назарына ілікті.
Астаналық Аружан Сатыбалды отандық әуекомпаниялардың қызметімен жақсы таныс. Бірақ cоңғы уақытта «билет құны қымбаттаған соң, ұшаққа мінуді азайттым», - дейді. Әрі бір танымал тасымалдаушының әрекетінен көңілі қалғанға ұқсайды.
Аружан Сатыбалды, қала тұрғыны:
- Мен «FlyArystan» көп ұшамын. Сондықтан FlyArystan-ға. Себебі FlyArystan-ның бағасы арзан болғанымен, әрқашан рейсті кейінге қалдырады. 2 сағат ол явно болатын нәрсе. Қалыпты жағдайға айналып кеткен. Жолаушыларға «FlyArystan»-да 4-5 сағат болса ғана тегін тамақ пен су беріледі, оған дейін су да ештеңе де берілмейді. Жолаушыларға қиын.
Аталмыш компания туралы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың да айтары бар. Әсіресе ұшаққа мінер кезде қолжүгіне қатысты талабы таңғалдырыпты.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- FlyArystan қолға 5 кг жүк дейді. Бір рет 6 кг болып қалды, соны алады да, ішінде заттардың бәрін алып, үстіме киіп, сондай бір емес, бірнеше әрекет болған. Былай қарасаң, болмайтын нәрседе мен түсінем, егерде ол затты қалдырып кет десе. Бірақ мен дәл сол салмақпен де ұшаққа мініп жатырмын ғой. Айналып келген кезде заң бәріне ортақ дейді. Талап ол билет алып жатқан кезде лоукостерің де талаптары сол ғой. 5 кг-дан аспау керек деген. Бірақ кейде сондай бір қатыгез болып кетеді.
Ал FlyArystan барлық қызмет тиісті заң аясында көрсетіліп жатқанын мәлімдейді. «Жолаушылар мен жүкке қатысты талап та ережеге сай», - дейді. Ішкі рейстерде белгіленген өлшемде және салмағы 5 келіден аспайтын бір қол жүгін адам тегін алып жүре алады. Одан асса қосымша қызмет сатып алуы қажет. Ал халықаралық рейстердің жолаушылары енді Duty Free дүкендерінен сатып алынған тауарларды қол жүгімен бірге ақысыз өткізуге құқылы.
Асылхан Асан, Flyarystan әуекомпаниясының оперативті қызмет көрсететін менеджері
-FlyArystan әуекомпаниясы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен азаматтық авиация қағидаларына сәйкес қызмет атқарады. Бұған дейін тегін қол жүгін алып жүру нормалары Duty Free дүкендерінен сатып алынған тауарларға да қолданылған. Мұндай тауарлар үшін ақы алу қолданыстағы заңнаманы бұзу болып табылған жоқ. Жолаушыларды, жолжүкті және басқа да жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес, қол жүгінің және тіркелетін жолжүгінің салмағы мен ауқымы, сондай-ақ тегін тасымалдау нормалары әуе тасымалдаушысы тарапынан белгіленеді.
Әуекомпанияларына қатысты шағым аз емес. Рейстердің кешігуі, ұшу уақыттарының жиі кейінге шегерілуі, билет бағасының қарыштап кетуі, жүктерге қатысты талаптың өзгеруі әуе көлігімен қатынаушылардың жүйекесін жұқартаны анық. Бұл мәселе Үкіметте де, Парламентте де бірнеше рет көтерілді. Қазір депутаттар жолаушылар құқын қорғау заңнамасы аясында әуекомпанияларына қатысты тексеру нормасын енгізуді ұсынып отыр.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Негізсіз рейстерді ауыстырып отырса, сіздің құқығыңыз бұзыла ма? Бұзылады. Мұндай жағдайларда егер ол негізсіз болса, әуе компаниясына үлкен айыппұл төлеткізеді. Екінші, «безвозвратный билет» деген нәрселерге біз тоқтау қоямыз. Үшінші, егер де «возвратный билет» болса, мысалы, 43 мыңға билет сатып аласыз да, бара алмай қалатын жағдайда бар болғаны 6-7 мың теңге ғана қайтарылады. Сондықтан да заңның нормаларында кемінде 50% қайтарылу туралы біз норманы ұсындық.
Ал әзірге мәселенің мән-жайын анықтау үшін мониторинг жүргізілетін болды. Жолаушылардың шағымына орай Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен азаматтық авиация комитеті әуежайларда екі апта бойы жұмыс істейді.
Всеволод Ким, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің департамент директоры - Бас авиациялық инспектор:
- Бұл іске 10 адам жұмылдырылып отыр. Әуежайдың дайындығын, қабылдаудағы мүмкіндігін бағалаймыз. Сондай-ақ тіркеу орындарының қызметін көреміз. Негізінен қызмет көрсетудегі сапасы мен рейстердің кешігуі кезінде туындаған шағымдарға орай қабылдайтын шешімдерін бағамдау.
Мамандар саладағы түйткілдер әлі де талқыланатынын айтады. Ол үшін алдымен, мәселенің нақты себебін білу көзделіп отыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Мұхамбетәлі Тілдабаев, «Хабар».