Жыртқыштар қаланың шетіне дейін жақындап, омарталарды қиратып, саяжайларға кіріп кеткен. Қалалықтардың айтуынша, соңғы жылдары аю көбейген. Бұл ақпаратты аңшылар да растап отыр. Орманда қорек таппай, ашыққан аюлар осылайша елді мекенге азық іздеп келуде.
Бұл Риддер маңындағы Алтай тауының сілемдері. Қонжығын ерткен аюды тұрғындар дронмен түсіріп алыпты. «Жыртқыш өзінің тіршілік ететін аумағында алаңсыз жүр. Алайда табиғаттың заңын адамның өзі бұзады», - дейді мамандар. Ағашты кесіп, аң мен құстың қонысын тарылтады. Жидек азайып, қорексіз қалған аюлар енді елді мекендерді жағалап жүр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше ел шығысында аю саны 4,5 мыңға жеткен. Алайда қалалықтар жыртқыш саны әлдеқайда көп болуы мүмкін деп отыр.
Риддердің шет жағында аюлар жиі кездеседі. Саяжай кооперативінің төрайымы Хавра Шаипова полиция мен құтқарушыларды көмекке шақырған.
Хавра Шаипова, Риддер қаласының тұрғыны:
-Полиция шақырып, адамдарды қауіпсіз жерге көшіруге тура келді. Дабыл соғып үркіттік. Содан кейін ғана аюлар ағаш арасына кіріп кетті. Өйткені жұрт қорыққаннан саяжайдан шыға алмай қалды.
Бес жыл бұрын Шығыс Қазақстанда аю саны 2654 болса, қазір екі есе көп. Зейнеткер Сергей Алексеевтің айтуынша кешкілік көшеге шығу қауіпті.
Сергей Алексеев, Риддер қаласының тұрғыны:
-Аюлар көбіне түнде жүреді. Күндіз көрінбейді, бір жерде тығылып жатады. Кешкілік сыртқа шығудан қалдық. Үреймен тұрып жатырмыз.
Аю саны көбейгенімен бірақ табиғи азық жетіспейді. «Биыл көктемгі үсік салдарынан орманда жидек аз», - деді табиғи ресурстар басқармасының мамандары. Аюлардың бұлайша адамға жақындауына омарташылар да себепкер. Көбі бал қалдығын ағаш арасына тастап, омартаның айналасындағы шөпті шаппайды.
Жеңісхан Тілеужанов, ШҚО Табиғи ресурстар басқармасы жедел әрекет ету отрядының инспекторы:
-Аюларды өз мекеніне, таулы аймаққа қайтару үшін бірнеше рет үркіту шараларын жүргіздік. Қазіргі уақытта күннің суытуына байланысты аюлардың елді мекендерге жақындауы азайды.
Шығыс Қазақстандағы аюлар популяциясын бақылау қажет. Бірақ бұл ғылыми негізделген, нақты есеппен, қауіпсіз тәсілмен жүргізілуі тиіс. Өйткені аюлар табиғаттың санитары. «Ал олардың жойылуы Алтай орманының фаунасына кері әсер етуі мүмкін», - дейді мамандар. 2025 жылы аңшыларға 185 аюды атуға квота берілді.
Руслан Нұрланұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин