«Ауылда сапалы ауызсу жоқ». Ұлытау облысындағы Кеңгір ауылының тұрғындары осылай деп біздің арнамызға хабарласты. Олардың айтуынша елді мекендегі 2,5 мың адам 10 жылдан бері тіршілік нәрін ашық су қоймасынан алады. Крандағы су ішуге жарамаған соң әкімдік ауыл ішіне су тазалайтын бірнеше сүзгі орнатып берген. Ауыл әкімі «су тазалайтын блок уақытша жасалған дүние» дейді. Осы айдың соңына дейін елді мекенге жерасты суын жалғап береміз деп отыр.
Кеңгір ауылының тұрғындары ауызсуды ертеден ашық су қоймасынан тұтынады. Бірақ ол кезде тіршілік нәрі сүзгіден өтетін. Жарты ғасырдан бері осы ауылда тұратын Сәрсенкүл Самжүрекованың айтуынша 2016 жылы су тазартатын қондырғы істен шыққан. Содан бері жұрт краннан су ішпейді.
Сәрсенкүл Самжүрекова, Кеңгір ауылының тұрғыны:
-Ыдыс жуамыз, шомыламыз. Шомылғанның өзінде нан сода мен тұз саламыз. Өйткені көлдің суы иісі жаман болып келеді. бұны ешқашан іше алмаймыз. Өзіміз мынадай қылып орнатып алғанбыз таза суды.
Шамасы жеткендер үйіне сүзгі қойып алған. Ал оған мүмкіндігі жоқтар ауызсуды қысы-жазы тасып ішеді. Ол үшін ауыл орталығына су тазалайтын мынадай үш сүзгі орнатылған. Тұрғындардың айтуынша оның өзі арнайы кестемен жұмыс істейді.
Төлеутай Асанов, Кеңгір ауылының тұрғыны:
-Енді біз мынау арқылы су ішеміз. Рақмет осыны орнатып қойғанына. Фильтр болғаннан кейін темір, андай-мындай өледі ғой керекті заттардың бәрі. Ал ол природный су болса тамаша болар еді. Бірақ енді амал жоқ осыдан су ішіп жатырмыз.
Ауыл әкімдігі сапалы ауызсу ішетін күн алыс емес дейді. Қазір 70 шақырым жердегі Есқұла жерасты қорынан Жезқазғанға құбыр тартылып жатыр. Кеңгір ауылының су жүйесі сол құбырға қосылады. Рүстем Есмағанбетов, Кеңгір ауылының әкімі:
- Бүгінгі күні жөндеу жұмыстарына байланысты соңғы жаңағы насосный станция дейді сол жерде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол жұмыстар аяқталғаннан кейін Кеңгірге су беріледі. Біздің құбырлар сол Есқұлаға жалғанып тұр, тек задвижкалар жабық. Су берген уақытта біз задвижкаларды ашуға дайынбыз.
Жауапты мамандардың айтуынша, су құбырындағы жөндеу жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Қараша айының алғашқы онкүндігіне дейін жерасты суын жеткіземіз дейді.
Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов