Қызылорда облысындағы Жиделіарық пен Еңбекші ауылының тұрғындары көп жылдан бері жол азабын тартып келеді. Жақын жердегі Қаратаудан қиыршық тас тасыған ауыр көліктер ауыл арасындағы жолды жарамсыз күйге түсірген. Мұнан бөлек, уран өндіруші компаниялар да күкірт қышқылын тасымалдау үшін осы бағытты пайдаланады.
Еңбекші мен Жиделіарық ауылына кіреберіс жолдың жағдайы ауылдықтардың жанына батып отыр. Осы маңдағы жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың алып көліктері ауыл аспанын күні-түні көк шаңға бөгеген екен.
Ерболат Сүлейменов, Жиделіарық ауылының тұрғыны:
-Енді қазіргі таңда жүріп өтуге өте қолайсыз. Үлкен техникалар жүріп тастаған, ремонттауға келмейді. Әр апта сайын бір машина астындағы май тұратын картерін тесіп отырады.
Жасұлан Күзембаев, Жиделіарық ауылының тұрғыны:
-Жүк машиналарынан тас түсіп, терезелері сынып жатқан машиналары да бар. Артың перегруз басып алады ғой, олар. Сосын шашырайды, балонына тигесін, терезеге тиеді. Жаңа машиналардың сыртына тиеді. Оның бәрін ақшаға істетесің.
Бұл жолмен күн сайын ондаған жүк көлігі қатынайды. Олар негізінен Қаратаудың қиыршық тасы мен уран өндіруші компаниялардың күкірт қышқылын тасымалдайды. Алайда тұрғындардың айтуынша, жолдың техникалық жағдайы ауыр салмаққа арналмаған. Сондықтан тез тозып, шұрық-тесік болады.
Серік Ділдабай, Еңбекші ауылының тұрғыны:
-Мына жолға белгіленген машиналар болса, ол құрымас еді. 10,20,30 тоннаға құрымайды бұл жол. 70-100 тонналық машиналар құртып жатыр. Бізге бір салып берсе, 15 жылға жарайды.
«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізі мен Еңбекші ауылының арасын жалғайтын жолдың ұзындығы 4,5 шақырым. Соңғы 10 жыл көлемінде бұл жол уран өндіруші компанияның теңгерімінде болған. Осы уақыттан бері бұзылған жері жамап-жасқалғанмен, күрделі жөндеу көрмеген.
Болатбек Ысмағұлов, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары:
-Қазір біз бұны 25 жылға цемент зауытының теңгеріміне 25 жылға беріп жатырмыз. Соған келісімшартқа отырылды, олар биыл жылдың аяғына дейін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, келесі жылдың басынан бастап қаржыларын салып, өздерінің есебінен күрделі жөндеу жүргізетін болады.
Аудан әкімдігінің мәліметі бойынша, келесі жылы құрылысы басталатын жолдың сапасы тиісті талапқа сай болады.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев