Алматыдағы стоматологияның біріне қатысты дау шешімін таппай келеді. Қала тұрғыны Айгерім Исқалиева тісін емдетемін деп денсаулығына зиян келгенін дәлелдей алмай жүр. Оның тісіне имплант орнатылғаннан кейін, иегі қабынып кеткен. Ал ұлттық сараптама орталығы тіске пайдаланылған материалдың елімізде тіркелмегенін айтады.
Айгерім Исқалиева имплант, абатмент және тіс қаптамасын орнату үшін стоматология клиникасының қызметіне жүгінген. Ол үшін 3 миллион теңгеден астам қаражат төлепті. Алайда сапасыз қызметтің салдарынан денсаулығына зиян келген.
Айгерім Исқалиева, қала тұрғыны:
-Дәрігер маған имплант салған кезде материалдың сыртқы қораптарын көрмедім. Сол сәттен бастап күмән туды. Дәрігер импланттың сапалы екеніне уәде бергенімен, ешқандай дәлел көрсеткен жоқ. Сапасыз имплант пен улы абатмент орнатылғаннан кейін иегім қатты қабынып кетті. Басқа стоматологиялық клиниканың көмегімен сапасыз медициналық бұйымдарды алдырып тастадым.
Айгерім Исқалиева имплант пен абатмент үлгілерін Ұлттық сараптама орталығына тапсырған. Орталық болса, аталған өнімнің сертификаты жоқ және мемлекеттік тізімге енбегенін айтыпты.
-Мен абатмент үлгілерін үш түрлі тәуелсіз зертханаға тапсырдым. Зерттеу нәтижесінде олардың құрамында үш түрлі металл бар екені анықталды. Солардың бірі – улы металл ванадий. Сонымен қатар бұл титан емес, негізінен кобальт-хром қоспасынан жасалған екен.
Пациенттің айтуынша, стоматология ауызша да, жазбаша да өтінішке жауап бермеген. Ал клиника өкілдері болса, өздеріне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтты.
Нәби Тасқарин, DR. Yerzhana Musagalieva клиникасының заңды өкілі:
-Дәрігерлік жоспар бойынша барлық стоматологиялық қызмет көрсетілді. Оның ішінде абатмент өндіру, инплант өндіру, коронка жасап, коронка өндіру істелді. 2023 жылдың қаңтар айына дейін ешқандай шағым, наразылық көрсетілген жоқ. Айгерім Ерланқызының негізі дұрыс болса, заңды болса соттың шешімін шығарсын. Соттың шешімі шықса ешкім одан бас алып қашпайды, орындаймыз.
Клиникаға медициналық бұйымдарды Asian Medical Depo Group компаниясы жеткізген. Ал Айгерім медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жүгініп, осы дистрибьюторлық компанияға қатысты тексеріс жүргізуді сұраған. Биыл наурыз айында жүргізілген тексеріс барысында дистрибьютор сапа сертификаты жоқ тауарларды сатқаны анықталыпты.
Әли Мырзаев, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы:
- Жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде нұсқама бердік және олар оны орындады. Алайда Әкімшілік кодекстің 62-бабына сәйкес, жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткен. Дистрибьюторлық компанияның рұқсат құжаты бар, әрі мұндай қызметпен айналысуға құқықтары да бар.
Алматыда бес жүзден астам стоматологиялық клиника жұмыс істейді. Айгерім Исқалиева тұрғындар сапалы стоматологиялық көмек алуға құқылы екенін және тіс емдеу саласына жүйелі өзгеріс қажеттігін айтады.
Аршын Кемелжан, Кенже Амраев, Эдуард Кон