Егемендік жылдарында Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі басты транзиттік хабтардың біріне айналды. Еліміз солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты жалғап отыр. Қазір ел аумағы арқылы әлемнің ең ірі сауда нарықтарына шығатын бес халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Қыркүйек айының соңында Мемлекет басшысы «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қосты. Бұл соңғы 30 жылда салынған ең ірі теміржол магистралі. Жоба жүк тасымалы көлемін бес есеге арттыруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, осыдан 35 жыл бұрын «Достық – Алашанькоу» бағыты іске қосылған еді. Ал тәуелсіздік жылдары елімізде «Ақсу – Дегелең», «Өзен – Түрікменстанның» мемлекеттік шекарасы, «Жетіген – Қорғас», «Жезқазған – Бейнеу», «Арқалық – Шұбаркөл» теміржол желілері салынды. 2014 жылы «Боржақты – Ерсай» бағыты пайдалануға беріліп, Құрық порты елдің негізгі теміржол жүйесімен байланыстырылды.