Жол жүру талаптарын бұзғандар автоматтандырылған таразылау бекеттерінде анықталды. Жаңа жүйе жол қауіпсіздігі мен көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында іске қосылып отыр. Қала аумағында жүк көлігінің салмағын таразылайтын үш бірдей бекет тұрғызылды. Көлік ағыны көп Жібек жолы, Әмір Темір және Бердіқожа батыр атындағы көшелерге арнайы датчиктер мен бейнебақылау жүйесі орнатылып, қатаң қадағалау алынды. Тестілеу режимінде ақылды жүйенің ауытқуы шекті нормадан асқан жоқ. Автоматтандырылған таразылау бекеті қаланың оңтүстік-шығыс беткейіне орнатылды. Енді мұнда жүк көліктерінің жолға түсіретін жүктемесі адам қатысуынсыз өлшенетін болады. Ережеге бағынбаған жүргізушілердің мемлекеттік нөмірі бірден тіркеліп, айыппұл салынады.
Ақылды жүйе жолға түскен жүктемені көлік жылдамдығына қарамастан дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сынақ режимінде 3,5 мыңнан астам заңбұзушылық есепке алынды. Енді 15 қазаннан бастап ережені елемегендерді әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Сала мамандарының айтуынша, тәртіптің сақталуы асфальттың төзімділігіне тікелей әсер етеді.
Өмір Қалыбаев, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:-Қыркүйек айының соңғы онкүндігін бақылағанымызда Жібек жолы көшесінде 1600 тіркелді. Ауыр салмақ көліктері шамадан тыс өткен жүк көліктері тіркелді. Бердіқожа батырында 1200. Осы есеппен-ақ біздің жолымыздың қалай тозып жатқанын көруге болады.
Ауыр салмақ – ауыр зардап. Жолға түскен шамадан тыс жүктеме асфальт жамылғысын ойып жібереді. «Ал бұл жол көлік апаттарына түрткі болуы мүмкін», – дейді сала мамандары.
Ернарбек Мәмет, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» қалалық филиалының инженері:- Ол жүктер біздің қаламызда 13 тоннадан аспауы керек әрбір оське. Мысалы, біздің жүк көліктеріміз 40 тонна, 25 тонна аралығында және одан аса жүк артуына байланысты осындай ақауларға алып келіп жатыр. Цифрлық жүйе сынақ кезінде-ақ тиімділігін көрсетті. Жалпы жобаға 950 миллион теңге бөлініп, тағы 6 автоматтандырылған таразылау бекетін тұрғызу жоспарланды. Келесі жылы солтүстік қақпадағы күре жол мен айналма бағыттар қамтылмақ.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов