Ірі және ұсақ мал сатып алуға 5 пайыздық өсіммен несие алудың тәртібі қандай? Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров арнайы қаржыландыру бағдарламасы аясында 50 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінгенін айтқан еді. Тап осы несиені оңтүстік тұрғындарының бірі ала алмай отыр.
Түркістан облысындағы фермер бұған дейін мақта өсірумен айналысқан. Енді мал шаруашылығын дамытуға ниеттеніп отыр. Қолында қомақты қаражаты болмаған соң мемлекет қолдауына жүгінген.
Дәулетбек Кенжебаев, шаруа қожалығы:-Мал сататын жермен договор алып келіңіз дейді. Ол ИСЖ базада мал тіркеулі болуы керек дейді. Малдың жасы 24 айдан аспауы керек. Бұл талапты қайдан аламын десем, ИСЖ базасынан аласыз дейді. Ондай организация Оңтүстікте жоқ. Онша малы бар, 20 малы бар адам біздің оңтүстікте жоқ.
Фермердің айтып отырғаны мынау. Елімізде 2021 жылдан бері ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасы жұмыс істейді. Аграрлық несие корпорациясының 5% өсіммен беретін жеңілдетілген несие бағдарламасы бар. Соған сәйкес бордақылау алаңдарын қаржыландыру үшін заңнама талаптары белгіленген. Солардың бірі сатып алынған мал басы есепке алынып, ақпараттық жүйеде тіркеуде болуы міндетті.
Ізбасар Жүсіпбеков, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент филиалының директоры:-ИСЖ базасы – ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіруге арналған бірыңғай деректер қоры. Ол жануарлар туралы, олардың иесі мен ветеринариялық өңдеулері жөнінде мәліметтерді қамтиды. Мақсаты – жануарларды есепке алу мен қозғалысын бақылау, ветеринариялық іс-шаралардың тиімділігін арттыру және мемлекеттік қадағалауды жеңілдету.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірыңғай базаға енгізудің маңыздылығы жөнінде ақпараттандыру – мемлекеттік органдар үшін маңызды міндет. Себебі арнайы жүйеге тіркелмеген жануарларда жұқпалы ауру болса, таралу қаупі жоғары. «Ал мұндай жағдай фермерлерге күтпеген жерден залал келтіруі мүмкін», – дейді жауапты мамандар. Диана Қадыр, Азамат Сәметов