Бұл жауапкершілік пен тәуекелге толы жұмыс. Әрбір шақыртудың артында адам өмірі тұр. Осы салада мінсіз қызмет етіп жүргендердің бірі павлодарлық Алмас Қалиев. Ол 14 жылдан астам уақыт бойы қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесіп келеді.
«Құтқарушы болу – жай ғана емес, өміріңді тәуекел ететін жұмыс», - дейді Алмас Қалиев. Ол өртсөндіруші болуды бала кезінен армандаған. Қазір азаматтық қорғау саласының қыр-сырын меңгерген білікті маман.
Алмас Қалиев, ТЖД Өрт сөндіру қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі:
- Мектеп жасында өртсөндіруші болуды армандайтынмын. Өйткені Екібастұз қаласында менің үйімнің қасында 14-ші өрт сөндіру бөлімі бар. Балалық шағымызда бізді экскурсияға апарып, өрт сөндіру бөлімімен таныстыратын.
Алмас жұмыс барысында көптеген қауіпті сәттерді басынан өткерді. Әсіресе 2024 жылдың қаңтарында болған бір оқиға ерекше есінде қалған. Павлодардағы пәтерлердің бірінде өрт шығып, олар 13 адамды, соның ішінде 4 баланы қауіпсіз жерге шығарған. Алайда 8-ші қабаттағы балконда кішкентай қыз қалып қойғаны белгілі болады. Жалындаған от пен қою түтінге қарамастан, Алмас әріптестерімен бірге ішке еніп баланы құтқарып қалды. Өжет өртсөндіруші Мемлекет басшысының атынан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
- Бұл марапат мен үшін ғана емес, барша әріптестерімнің еңбегін ескеріп, көрсетілген құрмет деп білемін. Осындай сәттерден кейін қанаттанып, жұмысына құштарлығын тіпті арта түседі. Себебі біреуді құтқарып, өмірін сақтап қалғаныңды сезіну ерекше әсерге бөлейді.
Ол бойында тәкаппарлық жоқ, сабырлы, қарапайым жан. Қиын сәтте көмек беретін адал дос. Өзінен кішілерге білгенін үйретіп, жол көрсетіп жүретін нағыз өз ісінің маманы. Әріптестері Алмасты осы асыл қасиеттері үшін ерекше сыйлайды.
Абзал Ақанов, ТЖД Өрт сөндіру қызметі жедел кезекшісінің орынбасары:
- Ол өте үлгілі қызметкер. Кез келген тапсырманы сеніп тапсыруға болады. Байсалды, жұмысына ұқыпты жан. Талай құтқару операцияларында бірге болдық. Нағыз кәсіби маман, арқа сүйеуге болатын дос.
Ал Алмас «ерлік жасадым», - деп бір сәтке масаттанған емес. Ол тек өз жұмысын атқарып жүргенін айтады. Өрмінезді өртсөндіруші үшін ең маңыздысы – кез келген төтенше жағдайда адамдардың аман-сау қалуы.
Руслан Нұрланұлы, Валентина Леонова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков