Елдегі құтқарушыларды даярлайтын жалғыз оқу орны туралы не білеміз?

  • 21
  • 17.10.2025, 19:40

Көкшетаудағы Азаматтық қорғау академиясында мыңнан астам болашақ құтқарушы білім алуда. Бұл еліміздегі офицер-құтқарушыларды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны. Мұнда тек қазақстандықтар ғана емес, ТМД елдерінен келген курсанттар да оқиды. 

Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында кәсіби офицерлер даярлайды. Мұнда курсанттарды психологиялық және физикалық тұрғыдан шыңдап, терең білім береді. Академия түлектері табиғи апаттар мен техногендік төтенше жағдайларда әрекет етуге қабілетті.

Жұмабек Хасенов, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы:

-Болашақ лейтенантымыз жан-жақты дайын болу керек кәсіптік жағынан. Қазіргі заманда тек қана өрт сөндіру және адамды құтқару емес. Басқа да көптеген жағдайлар болып жатыр. Өндірістік қауіпсіздік деген жағдай бар, құрылыстық қауіпсіздік деген жағдай бар. Қазір төтенше жағдайлар министрлігінің 95-96
% осы біздің академияның түлектері. Қазіргі уақыттың өзінде 10 мыңға жуық кәсіпті офицерлерді дайындап шығарған. 

Оқу орнында мыңға жуық курсант төрт мамандық бойынша білім алады. Үш жыл бұрын магистратура бағдарламасы ашылды. Сонымен қатар академияда Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген он курсант білім алуда.

Кубат Имашбеков, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанты, /Қырғызстан/:

-Мен бала кезімнен құтқарушы болуды армандадым. Себебі әкем мен ағам осы салада еңбек етті. Академия қабырғасында көп нәрсені үйрендім. Оқуды тәмамдаған соң туған еліме оралып, осында алған білімімді іс жүзінде көрсетемін.


Екі жыл бұрын академияда қыздарды да оқыта бастады. Олар ер курсанттардан еш кем түспей, білім мен дайындықта жоғары нәтиже көрсетіп жүр.

Дана Мамыртай, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанты:

-Осы мектептен кейін мамандық таңдау керек болады ғой. Сол кезде ойыма біріншіден келді – қыздар неге құтқарушы болмайды дегендей. Мен сол кезде қатты қалап тұрдым, ер кісілермен бірге оқып, бір мамандықта жұмыс істеуді. Бізде ұлдармен қыздарды бөліп жармайды. Барлығы бірдей болады. Нормативтерді де бірдей болып тапсырамыз.
 

Келер жылы академияның 150 түлегі төтенше жағдайлар министрлігінің қатарын толықтырады. Ал жақын уақытта Көкшетауда оқу орнының жаңа ғимаратының құрылысы басталады.
Мұнда жаңа оқу корпустары, спортзал мен мәдени-демалыс орталығы бой көтермек.

Аслан Әбутәліпов, Евгений Шинкаренко