Шымкентте экологиялық ахуалды бақылауға дрондар қолданыла бастады. «Ақылды жүйемен» жабдықталған құралдар тәртіп бұзушыларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігін де назарда ұстайды.
«Ақылды жүйемен» жабдықталған дрондар аспанға көтерілді. Бір мезетте қаланың 5 аумағын қамтып, заңсыздықтарды алдын алуға жұмылдырылды. Енді әрбір күмәнді әрекетке қатысты фото-видео дәлелдемелер нақты уақыт режимінде басқару орталығына жолданады.
Қала аумағын пилотсыз аппараттармен бақылау күшейтілді. Енді заңсыз қоқыс полигондарына қарсы әуеден барлау жүргізіліп, тәртіп бұзушыларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік туады. Басты мақсат экологияны қорғауға бағытталған.
Биыл геопорталдың ғарыштық түсірілімнен 46 қоқыс үйіндісі анықталды. Әсіресе бейнебақылау камерасы жоқ өзен-көлдің жағалауы мен сай-салаларға заңсыз күл-қоқыс тасталған. Сала мамандары ақылды жүйе арқылы осындай орындарға ұдайы мониторинг жүргізуді ұсынды.
Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаментінің басшысы:- Жалпы жыл басынан бері қала әкімшілігі мен аудан әкімшіліктерінің ұйымдастыруымен 27 мың тоннадан аса қоқыс жиналып, залалсыздандырылды. Президенттің тапсырмасы бар цифрландыру қажет деген. Сондықтан оған біздің көзқарасымыз өте жақсы. Себебі бей-берекет қоқыстарды алдын алуға негіз болатын шығар деп ойлаймыз.
Дрондар тек қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, заңсыз құрылыстарды дер кезінде тоқтату үшін де қолданыла бастады. Сонымен қатар жол жөндеу мен әлеуметтік нысандардың жұмысы туралы шынайы деректер алуға пайдаланылады. Төтенше жағдайларды анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік туды. Ал пилотсыз аппараттардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін байланыс сапасы күшейтілді.
Мұхит Кемелов, қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы:- Көптеген жаңа базалық станциялар іске қосылды. Одан бөлек 300-ден астам базалық станцияға жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қала аумағында сапаны жақсарту арқылы цифрландырудың әртүрлі өнімдерін пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта басқармалармен осы сияқты дрондарды жалға алу немесе сатып алу мәселесі қаралатын болады.
Пилоттық жоба сынақтан сәтті өтсе, келесі жылы өзге де салаларға енгізіледі. Жауапты мамандардың айтуынша, «Smart Shymkent» жобасы арқылы жасанды интеллектіні дамытып, жедел, қауіпсіз әрі қатесіз жұмыс жүргізу жоспарланған.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов