Елде қаракөл тұқымын асылдандырып, сұрыптауға көп еңбек сіңірген Балтабай Мейіровті бүгінде көпшілік біле бермейді. Балтабай Мейірұлы 1914 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Алтықарасу ауылында дүниеге келген. 1937 жылы Мәскеу зоотехникалық институтын қой шаруашылығы мамандығы бойынша бітірген. Ұзақ жыл асылтұқымды мал, қаракөл тұқымын сұрыптаумен айналысқан.
Балтабай Мейірұлы оқуын бітірген соң партияның жолдамасымен Өзбекстанда 25 жыл зоотехник, совхоз директоры, партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды. 1963 жылы елге оралып, Созақ ауданы Калинин совхозында 10 жыл бас зоотехник болып қызмет етті. Сол жылдары қаракөл тұқымын асылдандыру ерекше жолға қойылды. Бүгінде жасы 90-ға таяған ауыл ақсақалдары Балтабай Мейірұлының еңбегі ерен екенін айтады.
Анарбай Шәдібеков, Шолаққорған ауылының тұрғыны: -Жұмыс десе үй, бала-шағаның бәрін ұмытып кететін. Күні-түні фермаларды аралап жүретін. Совхозды дамыту үшін көп тірлік істеген адам. Қаракөлден 210 басқа дейін қозы алған.Бүгінде ардагер зоотехник Төрехан Хайруллаев өзін Балтабай Мейіровтің төл шәкірті санайды. Ол 1969 жылы Қапланбек техникумын бітіріп, совхозға жас маман болып келген. Бір күні өзін бас зоотехник шақырып алып, «қаракөл шаруашылығын дамыту үшін Өзбекстанға барып, асыл тұқымды қошқарлар таңдап әкел» деп тапсырма бергенін айтады.
Төрехан Хайруллаев, Б. Мейіровтің шәкірті:-Мен сол жерге барып, 3 совхозды аралап, 3 ай жүріп, 500 қошқар әкелдім. Селекция жасадық сол қошқармен. Міне соның арқасында совхоздың бұрын 60-70% 1-ші сорт болатын болса, біздің өткізген елтірінің 90-95% дейін 1-ші сорт болды. Сол кісінің істеген тірліктерінен мен көп нәрсені үйрендім. Балтабай Мейірұлы бас зоотехник болғанда Калинин совхозында қаракөлдің басы 72 мыңға, Созақ ауданында 500 мыңға жетті. Сол жылдары Балтабай Мейіров Москвада өткен аукционға барып, Созақ қаракөлінің елтірісін таныстырып қайтты. Қаракөл тұқымын асылдандыруға зор үлес қосқан асыл азамат 1973 жылы 59 жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмды. Артында 4 ұл, 3 қызы қалды. Мэлс Мейіров, Б. Мейіровтің ұлы:-Атқарған жұмысының қиындығы ма, бір баласын да ауыл шаруашылық мамандығына оқытпапты. Жетеуін де инженер, екі дәрігер, екі құрылысшы, бір механик, бір мәдениет қызмет саласының адамы.Балтабай Мейірұлының ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалмады. 1958 жылы «Ленин» орденімен, 1966 жылы «Құрмет белгісі» орденімен және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Елі үшін аянбай еңбек еткен аяулы перзентін елі де ұмытпақ емес.Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш