2026 жылы интернет тарифі 15–20% өсуі мүмкін

  • 41
  • 21.10.2025, 19:33

Бұл туралы Үкімет отырысында байланыс операторлары мәлімдеді. Олар: «Бағаның өсуі елдегі интернет тұтыну көлемінің артуы мен инфрақұрылымға салынатын инвестиция көлемінің көбеюімен байланысты»,-дейді. Ал Үкіметте тағы нендей мәселелер қарастырылды? 

Таяуда 3G технологиясы келмеске кетеді. Қазірден-ақ орнын 4G мен 5G басуда. Жүздеген жаңа станция салынып, күн сайын желі жаңартылып жатыр. Жаңғыртудың да өз құны бар.

Евгений Настрадин, ұялы байланыс компаниясының атқарушы директоры:

- Жыл сайын инфрақұрылымды жақсартуға жұмсайтын шығынымыз өсіп келеді. Мәселен, 2020 жылы 50 млрд теңге жұмсасақ, былтыр бұған 85 млрд теңге кетті. Сапаны жақсартамыз десек, инвестицияны көбірек құю керек. Инфрақұрылымнан бөлек, бағаны көтеруге итермелейтін себептер бар. Мәселен, келер жылдан бастап қосылған құн салығының 16 пайызға дейін көтерілуі нарыққа әсер етеді.

Wi-Fi операторы іске қосылады.

Мамандардың сөзінше, соңғы 2 жылда интернет трафигі 40%-ға өскен. Бұл сұранысты тек мобильді желімен қамту ауыртпалық туызады. Сондықтан елде ұлттық Wi-Fi операторы іске қосылмақ. Осылайша, мектеп, аурухана, вокзал мен әуежай сынды нысандар тегін әрі қауіпсіз интернетпен қамтамасыз етіледі.

Қайрат Ахметов, ұялы байланыс компаниясының басшысы:

- Бірінші кезеңде жоба 10 қалада 400 орынды қамтиды. 2026 жылға қарай желіні 10 мың қосу нүктесіне дейін, ал 2027 жылы 20 мыңға дейін кеңейту жоспарлануда.

Байланыс сапасын жақсарту – операторлардың басты міндеті. Бірақ қазірдің өзінде елдің кей аймақтарында интернет жылдамдығы төмен. Әсіресе ауылдық жерлерде бейнеқоңырау шалу түгілі, мессенджер ашу мұң. Елді мекендердің 84 пайызы интернетпен қамтылған. десек те сапа біркелкі емес. Сондықтан Үкімет «Қолжетімді интернет» жобасын жүзеге асырмақ.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Саланың дамуына серпін беру үшін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Ол 2027 жылға қарай елімізді байланыс желілерімен және ең кемі секундына 100 Мбит болатын жылдамдығы жоғары интернетпен 100% қамтуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект министрлігінің алдында осы ұлттық жобада жоспарланған барлық іс-шараларды тиімді орындау міндеті тұр

Осылайша, 2 жылда ауылдардың 90 пайыздан астамы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Ал халқы аз шалғайдағы елді мекендер интернетке спутниктік байланыс арқылы қосылмақ.

Дана Әлиева, Дархан Кунтуов