Тарихқа куә ғимарат: Егемендік декларациясы қай жерде қабылданды?

  • 36
  • 21.10.2025, 19:41

Тарихи құжат мұрағаттың биокамерасында жатыр. 

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Алматыдағы ерекше тарихи ғимараттың салынғанына 70 жылға жуықтады. Өткен ғасырдың 30 жылдары жобасы сызылып, ұзақ келісімнен соң 38-ші жылы ғана құрылысы басталған. Алайда соғыстың кесірінен тоқтап қалып, араға он жыл салып, қайта жанданады. Жаңа сәулеттегі Қазақ КСР Үкімет үйінің ғимараты тек 1957 жылы пайдалануға беріледі.

«Мемлекеттік маңызы бар ғимарат құрылысының ұзап кетуіне соғыстан басқа бірнеше себеп бар», - дейді KAZGOR жобалау академиясының бірінші вице-президенті Мейірбек Жаманқұлов. Біріншіден, мұндай сәулеті де, құрылымы да күрделі ғимарат елімізде бұрын-сонды салынбаған. Әрі сейсмикалық талаптарға қатысты түзетулер жасауға тура келген. 

Мейірбек Жаманқұлов, KAZGOR жобалау академиясының бірінші вице-президенті:

- Соғыс бітіп, қайтадан құрылысты бастар кезде Ашхабад қаласында қатты жер сілкінісі болып, біздің сеймикалық талаптар, нормалар күшейді. Соған қарағанда жобаны қайтадан реттеп, келтіру керек болды. Сол кезде ол жобаның қайта қарауын осы қазіргі KAZGOR жобалау академиясы, ол кезде КазГОСТ проект дейді, сол институтқа тапсырылған болатын. Бірақ архитектурасын авторға қалдырды. Қалған конструкция, инженерлік жобаларды біздің КазГОСТ проект институты жасады. 

Бірегей ғимаратты жобалаған сәулетші Борис Рубаненко. Нысанның неоклассикалық стиліне сәйкес, бағандары мрамормен қапталып, оның төменгі тұғырлары гранитпен әрленген. Бұл материалдар кеңестік идеологияда беріктік пен тұрақтылықтың нышаны саналған. Айтпақшы, ғимараттың алғашқы жобалық сызбалары Алматыдағы Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінде сақтаулы. 

Баян Жұматаева, Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама мұрағатының директоры:

- Бұл сызбалар қайта жасалмайды. Себебі олардың цифрлық нұсқасы бар, қазіргі уақытта электронды форматта жұмыс істейді. Енді сіздер келгеннен кейін, архивіміздегі осындай керемет қолмен салынған сызбаларды көрсету үшін, жобалаушылардың сол кезде калькаға түсірген суреттерін сіздерге ұсынуды жөн көрдік. Құжаттарды сақтау үшін климаттық талаптар бар. Бұл құжаттар биокамерада сақталады. Оларды алдымен күн сәулесіне шығарып, содан кейін ғана сіздердің алдарыңызға көрсетеміз.

Бұл ғимаратта Қазақ КСР Компартиясы Орталық комитеті, Жоғарғы Кеңес және Министрлер Кеңесі отырды. Дәл осы ғимаратта 1990 жылы 25 қазанда Тәуелсіздіктің бастамасы болған тарихи құжат Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Қазір мұнда халықаралық университет орналасқан. Ғимарат тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына алынды.

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Сержан Жұмабаев